QyzPU ғалымы Үндістандағы халықаралық конференцияға қатысты
-
11 қыркүйек, 2025
Үндістандағы SRM ғылым және технология институтында ICCMPN-2025 (Халықаралық конденсацияланған материя физикасы және нанотехнология конференциясы) өз жұмысын бастады. Бұл беделді ғылыми жиын әлемнің жетекші ғалымдарын біріктіретін маңызды алаң болып саналады.
Қазақстаннан арнайы шақырылған құрметті қонақтардың бірі – профессор, химия ғылымының зерттеушісі Мұхаметқали Мұсағалиұлы Матаев. Ғалым Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Химия кафедрасында профессор-зерттеуші қызметін атқарады.
Профессор Матаев наноматериалдар мен қатты заттар химиясы саласында халықаралық деңгейде танылған ғалымдардың бірі. Оның жетекшілігіндегі ғылыми топтың ICCMPN-2025 конференциясына қатысуы Қазақстан ғылымының әлемдік қауымдастықта мойындалып келе жатқанын айғақтайды.
Конференцияға қатысудың маңыздылығы – ғылыми әріптестікті дамыту. Қазақстан мен Үндістан, сондай-ақ Оңтүстік Корея және басқа да елдер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға жол ашылды. Мұндай деңгейдегі шараға қатысу отандық ғылыми кадрлардың әлеуетін көрсетіп, еліміздің инновациялық мүмкіндіктерін танытады. Профессор Матаевтың халықаралық беделді конференцияға шақырылуы жас зерттеушілер үшін ынталандырушы үлгі болып табылады.
ICCMPN-2025 аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де маңызды серіктес ретінде көрсетілді. Бұл Химия кафедрасы ғалымдарының еңбегінің нәтижесі ғана емес, жалпы Қазақстан ғылымының жетістігі деп бағаланады.
Бөлісу: