QyzPU ұжымы Мемлекет басшысы бастамаларын қолдайды
-
08 қыркүйек, 2025
2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әділетті қоғам орнату, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Президент бастамаларын толық қолдап, өз көзқарастарын білдірді.
QyzPU Басқарма Төрағасы–Ректорының міндетін атқарушы Сабит Құрманжанұлы Суатай университеттің AI-SANA бағдарламасын жүзеге асырудағы жетістіктерін атап өтті: «Соңғы екі жылда 400-ге жуық оқытушы жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдануды үйренді. Барлық мамандықтарға «Жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілді және «Қолданбалы жасанды интеллект» атты жаңа бағдарлама ашылды. Бұл – Президент Жолдауында ұстаздарға қойылған AI технологиясын меңгеру міндетімен толық үндесіп отыр».
Университет проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Шажаұлы Дүсіпов құқықтық мәдениетті қалыптастыру білім мен тәрбиеден басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, ұстаз – жас ұрпаққа үлгі болатын тұлға, сондықтан болашақ педагогтерді заңға құрмет пен әділет құндылықтары негізінде тәрбиелеу – университет жұмысының басты бағыттарының бірі.
Ал Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназ Ибрагимқызы Салғараева университеттің халықаралық серіктестіктері мен стартаптық бастамаларына тоқталды. Оның айтуынша, QyzPU студенттері мен жас ғалымдары хакатондарда, инновациялық жобаларда, халықаралық жазғы мектептерде белсенділік танытып, еліміздің цифрлық жаңғыруына нақты үлес қосуда.
QyzPU ұжымының ортақ ұстанымы – заңға құрмет, әділеттілік пен цифрлық жаңғыруды ұштастыра отырып, болашақ мұғалімдерді жаңа дәуір талаптарына сай даярлау. Университет Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерді іске асыруға белсенді атсалысып, ел дамуына лайықты үлес қоса бермек.
Бөлісу: