Мемлекет басшысы: «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын енгізуді ұсынамын
-
15 тамыз, 2025
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында еліміздің білім беру жүйесіне қатысты бірқатар маңызды бастамаларды жариялады. Президент биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілетінін айтты. Бұл бағдарлама барлық мектептерде, соның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарында да іске асырылмақ.
«Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады. Сондай-ақ мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынамын», – деді Президент.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары жастардың мұғалім мамандығына қызығушылығы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері ұстаз болуды таңдаса, биыл бұл көрсеткіш 2 мыңнан асты. Бұл – барлық үздік түлектердің 23 пайызына жуық. Мемлекет басшысы мұны ұстаздардың қоғамдағы мәртебесінің арта түскенінің айқын көрінісі деп бағалады.
«Мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау – айрықша маңызды жұмыс. Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімнің кәсіби деңгейін үнемі арттырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі тез өзгеріп жатқан заманда бір рет алған біліммен шектеліп қалуға болмайды, ұстаздар үнемі ізденіс үстінде болып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруі керек.
«Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің бұл бастамалары еліміздің білім беру сапасын арттыруға, ұстаздардың мәртебесін одан әрі нығайтуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде жаңа сапалық деңгейге көтерілуге бағытталған.
Бөлісу: