QyzPU ғалымдары экожүйені қалпына келтіру жолын ұсынды
-
15 шілде, 2025
QyzPU-да «Аграрлық өнімдер мен технологияларды әзірлеу және коммерцияландыруға арналған биотехнологиялық R&D орталығын құру» жобасы аясында экологиялық қауіпсіздік пен биотехнология салаларында маңызды ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді.
Жобаның басты бағыты — ауыр металлдармен ластанған топырақ пен өсімдіктерді биологиялық әдіспен тазарту.
Зерттеу барысында Pseudomonas туысына жататын бактериялардың ауыр металлдарды жою қабілеті жан-жақты зерттеліп, олардың экожүйені қалпына келтірудегі тиімділігі дәлелденді. Бұл ғылыми жұмыс қоршаған ортаны биоремедиациялау саласына тың серпін бермек.
Зерттеулер Пәнаралық зерттеулер орталығында орналасқан заманауи Thermo Scientific Axia ChemiSEM (АҚШ) сканерлеуші электронды микроскоп (СЭМ) қондырғысында жүргізілді. Бұл құрылғының көмегімен өсімдіктер мен топырақтағы металл қалдықтарының нақты мөлшері мен таралу аймағы анықталды.
СЭМ – нысандардың беткі құрылымын 3 нанометрге дейінгі дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялы құрал. Аталған әдіс үлгінің морфологиялық және құрылымдық ерекшеліктерін микрон және наномасштабта терең талдауға жол ашады.
СЭМ-ге орнатылған EDX (энергия-дисперсиялық рентген спектроскопиясы) жүйесі арқылы топырақ пен өсімдік үлгілерінің элементтік құрамы анықталды. Зерттеу әдісі ластану деңгейін, сонымен қатар Pseudomonas бактериясымен өңделу нәтижесін нақты бағалауға мүмкіндік береді.
Жоба нәтижелері экожүйелерді ауыр металдардан тазарту арқылы ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді қалпына келтіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге, бұл зерттеу экология, биотехнология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты тереңдетуге бағытталған.
Сканерлейтін электронды микроскопия бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, сондай-ақ жаңа биоматериалдар мен медициналық технологияларды әзірлеуде маңызды рөл атқарып отыр.
Бөлісу: