QYZPU МАГИСТРАНТТАРЫНА ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
-
04 шілде, 2025
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде магистранттарға салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл университетті магистратура бойынша 161 бітіруші түлек тәмамдады. Олардың 132-сі — мемлекеттік білім гранты негізінде білім алған. Бұл көрсеткіш — жоғары білім беру сапасының және университеттің білім беру миссиясын табысты жүзеге асыруының айқын дәлелі.
Рәсім барысында түлектерге магистр дипломдары табысталып, университет басшылығы мен оқытушылар қауымы құттықтау сөздерін арнады. Олар түлектерге болашақ кәсіби жолдарында сәттілік пен табыс тілеп, еліміздің білім беру жүйесіне қосатын үлестері зор болатынына сенім білдірді.
«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде магистратура дәрежесін алған түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Бұл — олардың көп жылғы қажырлы еңбегі мен табандылығының жемісі. Әрбір магистрдің артында үлкен мақсат, биік арман тұр. Осы жолда аянбай еңбек еткен түлектерімізге ғылым мен білімнің сара жолында толағай табыстар тілейміз. Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, кәсіби биіктерден көріне берсін. Әр жетістіктеріңіз — біздің ортақ қуанышымыз, зор мақтанышымыз», — деді QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор міндетін уақытша атқарушы Еркын Жуманкулова.
Педагогика және психология институтын 41 магистрант тәмамдады. Олардың барлығы — мемлекеттік білім гранты негізінде оқыған. Физика, математика және цифрлық технологиялар институтын 44 түлек аяқтады, оның ішінде 40 түлек мемлекеттік білім гранты бойынша білім алды. Жаратылыстану институтын 37 түлек бітірді. Олардың 34-і мемлекеттік грант иегерлері. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтын бар болғаны 2 түлек аяқтап, екеуі де мемлекеттік білім гранты негізінде оқуды аяқтады. Филология институтын 37 түлек бітірсе, олардың 15-і мемлекеттік грант иегерлері.
«Менің қуанышымда шек жоқ! Бүгін екі жылдық еңбегімнің нәтижесінде қолыма диплом алып отырмын. Білім нәрімен сусындатқан қара шаңырағыма және алтын уақытын аямаған ұлағатты ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта ғылым жолындағы сапарымды жалғастырып, докторантураға түсуге ниеттімін. Барша түлектерге сәттілік пен табыс тілеймін!» — деді Жаратылыстану институты, География кафедрасының түлегі Мухамет Айдана Мусакызы.
Магистратураны сәтті аяқтап, қолдарына көптен күткен дипломдарын алған QyzPU түлектері – еліміздің ғылымы мен білімінің жарқын болашағы. Бұл – олардың қажырлы еңбегі мен табандылығының, ұстаздарының ерен еңбегінің жемісі. Магистранттардың алған білімі мен тәжірибесі ел дамуына бағытталған маңызды бастамалардың негізіне айналары сөзсіз. Ғылым жолындағы ізденістеріңіз бен кәсіби жетістіктеріңіз баянды болсын! Сіздерге сәттілік тілейміз
Бөлісу: