QYZPU ТҮЛЕКТЕРІНЕ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ДИПЛОМДАР ТАБЫСТАЛДЫ



    • QYZPU ТҮЛЕКТЕРІНЕ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ДИПЛОМДАР ТАБЫСТАЛДЫ

      2–3 шілде аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл университеттің бес институты бойынша 2024–2025 оқу жылын табысты аяқтаған 1 536 бітіруші түлек жоғары білім туралы диплом алды. Олардың ішінде 421 түлек үздік диплом иегері атанып, ерекше оқу жетістіктерімен көзге түсті. Сонымен қатар 882 бітіруші мемлекеттік білім гранты негізінде оқуын тәмамдады.

      Салтанатты шараға Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев, QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор міндетін уақытша атқарушы Еркын Жуманкулова, сондай-ақ Институт директорлары қатысып, түлектерге жүрекжарды тілектерін арнады. Олар жас мамандарға жаңа өмір жолында табыс пен жарқын болашақ тіледі. Сонымен қатар Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова түлектердің кәсіби болашағына зор үміт артатынын айтып, олардың ел дамуына қосар үлесін ерекше атап өтті.

      «Бүгін – біздің түлектеріміз үшін ерекше күн. Университет қабырғасында алған білім мен дағдыларды тәжірибеде дәлелдейтін сәт туды. Алдағы уақытта түлектеріміз жас маман ретінде мектептерге барып, өз білімдерін іс жүзінде қолданатын болады. Осы орайда, университет ұжымы атынан білім нәрін дарытқан профессорлық-оқытушылық құрамды шын жүректен құттықтаймын. Бұл – сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Қымбатты түлектер, алдарыңыздан жарқын жол ашылып, Қара шаңырағымыз – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің абыройын әрдайым биіктен көрсетеді деп сенемін. Сіздерге сәт сапар тілеймін!» – деді Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова.

      Биыл Педагогика және психология институтын 426 түлек аяқтап, 92-сі үздік диплом иегері атанды. Олардың ішінде мемлекеттік грант негізінде білім алғандар саны – 288. Физика, математика және цифрлық технологиялар институтын 125 түлек тәмамдады. Олардың 109-ы мемлекеттік грантпен оқыса, 44 түлек үздік дипломға ие болды.

      Сонымен қатар Жаратылыстану институтының 247 түлегінің 87-сі үздік диплом алды, олардың 183-і — мемлекеттік грант иегері. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтын 313 студент бітірді. Олардың 216-сы мемлекеттік грант негізінде білім алып, 91-і үздік дипломмен оқуын аяқтады. Ал Филология институтын 425 түлек тәмамдап, олардың 107-сі үздік дипломға ие болды, 86-сы мемлекеттік грант негізінде оқыған.

      «Бүгінгі күн – мен үшін үлкен қуаныш пен мақтанышқа толы сәт. Төрт жыл бойғы тынымсыз еңбектің, талмай ізденудің жемісі ретінде қолыма қызыл диплом алып отырмын. Бұл жетістік – тек менің ғана емес, маған әрдайым қолдау көрсеткен ата-анам мен білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның еңбегінің нәтижесі. Оларға алғысым шексіз. Әрбір түлек бұл күнді жүрегінде ұмытылмас естелік ретінде сақтап қалады деп ойлаймын. Барша замандастарыма кәсіби жолда сәттілік, биік белестер мен жарқын болашақ тілеймін!» – деп бөлісті «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының түлегі Нұрпопа Ұлдана Қыдралиқызы.

      Салтанатты рәсімге келген ата-аналар мен туған-туыстар да жүрекжарды тілектерін білдіріп, түлектермен бірге қуанышты сәттің куәсі болды. Олар көздеріне жас алып, балаларының есейіп, өмірдің жаңа белесіне қадам басқанын мақтанышпен тамашалады.

      «Қызымның дәл осы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде білім алғанына шын жүректен қуаныштымын. Ата-ана үшін баласының арманына жетіп, үлкен өмірге қадам басқанын көруден асқан бақыт жоқ. Төрт жыл бойғы еңбектің жемісін көріп отырғанымыз – біз үшін үлкен мерей. Қуанышты сәттеріміз көп болсын деп тілеймін. Қызымның жолына бағыт-бағдар берген, білім мен тәрбие нәрін дарытқан барша ұстаздарға аналық алғысымды білдіремін!» – деді түлектің анасы Гауhар Жарылқасынқызы.

      Түлектер – білім беру саласында ел игілігі үшін еңбек ететін болашақ көшбасшылар. Олардың білімі мен кәсіби машықтары – еліміздің өркендеуінің кепілі.

      Университет ұжымы барша түлектерге зор табыс, биік жетістіктер және сәттілік тілейді. Жаңа өмірге бастар жолдарыңыз жарық, қадамдарыңыз нық болсын! Ел болашағы – сіздердің қолдарыңызда!

      Бөлісу: