Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті
-
01 шілде, 2025
2025 жылғы 1 шілдеде Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қаладағы жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесу өткізді. Іс-шараның мақсаты – жоғары білім беру ұйымдарымен өзара байланысты нығайту, ынтымақтастықты кеңейту және университеттердегі өзекті мәселелерді талқылау.
Алматының жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен өкілдері бас қосқан кездесуде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті атынан Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев сөз сөйледі.
Әкімдік алдағы уақытта университеттермен бірлесе отырып, жастар саясатын жетілдіру және білім сапасын арттыру бағытындағы мәселелерді қарастырды. Кездесу аясында жоғары оқу орындарының басшылыры да өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Тараптар мұндай пікір алмасу алаңдарын тұрақты түрде өткізіп тұрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастама жастардың сапалы білім алуына, сондай-ақ қаланың білім беру жүйесін жетілдіруге сеп болмақ.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті — еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі. 80 жылдан астам тарихы бар бұл университет білім беру саласына мыңдаған кәсіби маман даярлап, ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Сонымен бірге QyzPU Алматы қаласындағы педагогтерге арналған біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарын жүйелі түрде ұйымдастырып отыр.
Университеттің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттер Алматы қаласындағы бірқатар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Атап айтқанда, «Ардагерлер үйі», «Аяла», «Парасат», «Шапағат», «Демеу», «Сенім», «Қамқор» сынды мекемелермен тығыз әріптестік байланыс орнаған. Соңғы екі жылда студенттер «Бақытты отбасы», «Жан Ана», «Сәби тілегі» атты әлеуметтік жобаларға белсене қатысып, кейс-менеджерлермен бірлесіп ерекше топқа кіретін жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп жүр. Бұл бастамалар арқылы QyzPU студенттері қаланың әлеуметтік-мәдени дамуына өз үлесін қосуда.
Бөлісу: