Болашаққа қадам: QyzPU Кәсіби білім беру колледжі түлектеріне диплом табысталды
-
27 маусым, 2025
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы Кәсіби білім беру колледжінде бітіруші түлектерге арналған диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.2024–2025 оқу жылын сәтті аяқтаған 117 түлекке диплом табысталды. Олардың ішінде 14 түлек үздік диплом иегері атанып, оқу озаты ретінде марапатталды. Аталған оқу жылында колледж 125 мемлекеттік білім грантына ие болып, жастардың сапалы білім алуына зор мүмкіндік жасалды.
Шара барысында QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор міндетін уақытша атқарушы Еркын Жуманкулова түлектерге жүрекжарды тілегін білдіріп, жаңа өмір жолдарына сәттілік тіледі.
Кәсіби білім беру колледжінің директоры Ақбөпе Қасымбекқызы Қарабаева студенттердің оқу барысында қол жеткізген жетістіктерін атап өтіп, олардың болашақта ел игілігі үшін еңбек ететініне сенім білдірді.
"Түлектеріміз естен кетпес студенттік шақпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басуда. Оларға білім мен ізденісті серік етіп, әр қадамдарын жүрекпен, сеніммен атқаруларын тілеймін. Алдағы уақытта өз ісінің шебері, білікті маман болып, биік белестерді бағындыратындарына кәміл сенемін," – деді директор.
Салтанатты шара аясында үздік студенттер мен олардың ата-аналарына Алғыс хаттар, сондай-ақ оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан бітірушілерге арнайы марапаттар да табысталды.
Колледждің белсенді түлектері ұстаздары мен ата-аналарына өздерінің алғыстарын білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
“Бүгінгі күн — еңбегіміз ақталған күн. QyzPU Кәсіби білім беру колледжі маған таңдаған мамандығым бойынша тек білім ғана емес, өмірлік маңызды сабақтарды да үйретті. Осы жылдар ішінде мен тұлға ретінде әрі болашақ педагог ретінде де өстім. Практика мен ұстаздардың қолдауының арқасында өмірімді білім беру саласымен байланыстырып, балалардың өсуіне, дамуына және өз әлеуетін ашуына көмектескім келетініне толық сенімді болдым”, — деп атап өтті “Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі” мамандығының түлегі Айдана Касымова.
Кеш соңында түлектердің орындауында шырқалған «Қош бол, колледжім» әні жиналған көпшіліктің көңілін толқытып, қимастыққа толы әсерлі нотамен салтанатты жиынның шымылдығын жапты.
Бұл күн – есте мәңгі сақталатын, жаңа өмірге қадам басудың ерекше сәті. Барша түлектерге ақ жол тілейміз!
Бөлісу: