Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай ресми түрде қызметін аяқтады
-
10 маусым, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Әмірханқызы Қанайдың қызметтен кетуіне байланысты салтанатты қоштасу рәсімін өткізді.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн режимде сөз сөйлеп, Гүлмира Әмірханқызының еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады. Министр өз атынан және министрлік атынан шексіз алғыс айтып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Аппарат басшысы Қожахмет Мадияр Дүйсенбайұлы Гүлмира Әмірханқызына «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Бұл марапат – ректордың көпжылдық жемісті қызметіне берілген жоғары бағаның айқын дәлелі.
Қатысушылар Гүлмира Әмірханқызының университеттің өркендеуі жолындағы елеулі еңбегін, білім мен ғылым саласындағы жаңашыл бастамаларын, стратегиялық көзқарасын, тиімді басқарушылық қабілетін, жоғары кәсіби біліктілігін, сондай-ақ адами және кәсіби қасиеттерін ерекше құрметпен атап өтті. Оның басшылығымен университет айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, жаңа даму деңгейіне көтерілді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Гүлмира Әмірханқызы Қанайға оқу орнының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі, жанашыр басшылығы және шынайы адалдығы үшін терең ризашылығын білдіреді.
Сіздің бастамашылдығыңыз, іскерлік ұстанымыңыз және көреген басшылығыңыз университет тарихында жарқын із қалдырды.
Сізге зор денсаулық, жаңа кәсіби белестер, шабыт пен толағай табыс тілейміз!
Бөлісу: