Құрметті студенттер! Менің аса мейірімді, сұлу және ақылды әріптестерім!
-
10 маусым, 2025
Сіздердің көбілеріңіз оқуларыңызды аяқтап, жазғы демалысқа аттанған кезде, бітіруші курс студенттері Университетпен қоштасуға дайындалып жатқан сәтте, Сіздермен жеке кездесудің сәті түспей, осы хатты жазуды жөн көрдім.
Бүгін, келісім шартымның аяқталуына байланысты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры қызметімді аяқтап жатырмын. Сіздермен өткізген 4 жыл уақыт ішінде терең білім мен аса бағалы өмірлік тәжірибе алдым.
Сіздердің әрқайсыларыңыздан көшбасшылық танытуды, жауапкершілік алудан қорықпауды, жаңа орта тауып, олармен біріге отырып, жаңа бастамалар көтере білудің маңызды екендігін түсіндім.
Сіздер тек сабақты жақсы оқумен шектеліп қана қоймай, би, музыка, актерлік шеберлік, театрлық қойылымдар қою, волонтерлық қызмет көрсету, дебаттық клубтар құру, кәсіпкерлік, тәртіп пен адалдық принциптерін сақтау және тағы да басқа көптеген әлеуметтік бастамаларды оқумен бірге алып жүрдіңіздер.
Сіздердің қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарда әрбір жеткен жетістіктеріңізді өзімнің жетістігімдей көрдім. Университетіміздің абыройын ары қарай да асқақтата беріңіздер.
Сыныпта да, зертханада да, мектеп пен Университет қабырғасында да – Сіздер өзгерістердің бастауысыздар. Оқу мен оқытуда мейірімділікті басшылыққа алыңыздар, ал зерттеу жұмыстарыңыз – әділеттілік пен әлемді алдыға бастырамын деген ниетке толы болсын.
Еліміз Сіздерді қажет етеді. Әлем Сіздерді қажет етеді. Өз қабілеттеріңіз бен адал еңбектеріңізге сеніңіздер. Білімнің күшіне сеніңіздер. Сеніммен алға басыңыздар. Жаңа білім алудың және дамудың әрбір мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар. Ана тілдеріңізді жетік меңгере отырып, әлем тілдерінде де еркін сөйлеуге ұмтылыңыздар.
Университеттің барлық маңызды іс-шараларын үлкен жауапкершілікпен алып жүрген барлық студенттік активке, клуб төрайымдары мен мүшелеріне, студенттік проректорларымыз бен ректорымыз – Нұрайлым Оңласынға ерекше алғысымды айтамын.
12 000 қыздан тұратын Университет қауымдастығының қуатына сеніңіздер. Әрқайсыңыз –жарық жұлдызсыздар. Ақ жол! Тек алға!
Сіздерге деген зор құрметпен және сеніммен, Гүлмира Әмірханқызы Қанай
Бөлісу: