«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Жәмила Елемесова



    • «Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Жәмила Елемесова

      АЛМАТЫ. 12 ақпан. Баспасөз орталығы – Жәмилә Елемесова 1939 жылғы 8 наурызда қазіргі Алматы облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін үздік бағамен бітірген.

      Жастайынан жетім қалған Жәмилә Тоқтарбекқызы 1957 жылы 8 жылдық мектепті бітірісімен Қызылорда қаласындағы М. Мәметова атындағы педагогика училищесінде оқыды.

      Еңбек жолын 1961 жылы бұрынғы Талдықорған облысының Көксу станциясында бастауыш мектептің мұғалімі болудан бастады. Ж. Елемесова 1964 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік кезінде институттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. 1968 жылы оқуын үздік бітіріп, институттың комсомол комитетінің хатшысы әрі Педагогика-психология кафедрасында ұстаздық қызмет атқарды.

      1978 жылы педагогика ғылымының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғап, доценттік лауазымға ие болды. 

      1978 – 1984 жылдары аралығында Алматы қаласының № 1 мектепке дейінгі білім беру училищесінің, № 2 бастауыш класс педагогика маман кадрларын дайындайтын училищесінің директоры болып қызмет атқарды. Осы кезеңдерде білікті маман ретінде оқу орындарына арналған көптеген оқу құралдарын, орта арнаулы білім беру мектептеріне арнап методикалық-әдістемеліктер дайындады. Мектепке дейінгі балабақша, бастауыш және арнайы мектептердің оқу орындары проблемасына байланысты тиісті оқу-құралдарын, методикалық-әдістемеліктер, педагогика жайында, мектепте үздіксіз педагогикалық тәжірибе жұмысын жүргізуге арналған дидактикалық материалдарды дайындады.

      1984–1989 жылдары Жәмилә Елемесова Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып қызмет атқарады.

      1984 жылы Ғылыми кітапхана ғимараты мен оқу залдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1987 жылы Музыка-педагогика факультетінің жанынан хореограф мамандарын дайындайтын мамандық ашылды.

      1988 жылы Жәмилә Елемесованың ұйытқы болуымен қазақтың ұлттық музыка өнеріндегі қазақ халқының әндері мен күйлерін, ұлттық көне аспаптарды насихаттау, көрсету мақсатында «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылды.

      Ж. Елемесова – «Қазақ тілін үйренушілерге көмек», «Обучение русскому языку в национальной школе» сынды көптеген оқу құралдарының авторы. Ол оқу-ағарту саласында атқарған еңбектері үшін ҚР Орталық Комсомол Комитетінің мақтау грамоталарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі мақтау грамотасымен және «Еңбек ардагері» медалімен және ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет»  грамотасымен марапатталды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: