• EVENT STUDIO QYZPU

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Event Studio QyzPU» жобасы аясында жаңа дыбыс жазу студиясының ашылу салтанаты өтті. Бұл жоба – университет қабырғасында екі жылдан бері табысты ұйымдастырылып келе жатқан «Startup Tomiris» байқауының нәтижесі.

      2024 жылы аталған жоба байқауда ІІ орынды жеңіп алған болатын. Жобаның авторы – Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Хореография және арт-менеджмент кафедрасы жанындағы «Мәдени-тынығу жұмысы» білім беру бағдарламасының студенттерінен құралған «CLW Team» командасы.

      Жобаның мақсаты – студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту, мәдени және қоғамдық іс-шараларды кәсіби деңгейде ұйымдастыруға машықтандыру. Сонымен қатар командалық жұмыс, көшбасшылық және жауапкершілік сынды маңызды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

      Дыбыс жазу студиясы – бұл бастаманың алғашқы нақты нәтижелерінің бірі. Студияда студенттер подкаст, жарнама, көркем оқылым және түрлі медиа өнімдерді сапалы түрде жазып, өңдей алады. Бұл олардың кәсіби тәжірибесін арттыруға, шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.

      Алдағы уақытта «Event Studio Qyzpu» аясында мерекелік кештер, концерттер мен түрлі мәдени жобаларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл жоба университеттің білім мен шығармашылықты ұштастыратын маңызды платформасына айналмақ.

      Бөлісу: