QyzPU «3+1» пилоттық жобасын сәтті іске асыруда



    • QyzPU «3+1» пилоттық жобасын сәтті іске асыруда

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті теория мен практиканы ұштастыруға бағытталған тың бастаманы қолға алып, «3+1» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл жоба — болашақ педагог мамандарды кәсіби ортаға ертерек бейімдеуді, білім беру сапасын арттыруды және еңбек нарығына дайын кадрларды даярлауды мақсат етеді.

      Жоба аясында студенттер алғашқы үш жыл бойы теориялық білім алып, ал төртінші курста университеттегі оқуын жалғастыра отырып, мектепте ресми түрде жұмыс істейді. Осылайша, студент бір мезетте әрі білімін жалғастырып, әрі кәсіби тәжірибе жинақтайды. Бұл — үш тарап үшін де тиімді: студент — еңбек өтілі бар жас маман ретінде қалыптасады, мектеп — өзіне лайықты, ынталы жас кадрды ерте тануға мүмкіндік алады, ал университет — нарыққа дайындалған тәжірибелі түлектерді ұсынады.

      Жобаның алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Бір жыл бұрын іске қосылған «3+1» пилоттық жоба аясында «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының төртінші курсында оқитын бес студент ресми түрде жұмысқа орналастырылды. Олардың төртеуі — Алматы қаласындағы №15 мектеп-гимназияда, ал біреуі — №48 мектепте педагог қызметін атқаруда.

      Студенттер нақты сыныптармен жұмыс істей отырып, Lesson Study әдісі негізінде сабақтар жүргізіп, мектептің педагогикалық үдерісіне белсенді араласуда. Сонымен қатар олардың дипломдық жұмыстары мектептегі күнделікті тәжірибемен ұштасып жүзеге асырылады. Бұл зерттеудің практикалық маңызын арттырып, нақты мәселелерді шешуге бағытталған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

      Жобаның серіктес мектептері бұл бастаманың педагогикалық кадрлардың сапасын арттыруға және білім беру саласында ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізуге сеп болатынын атап өтуде. Олар жас мамандардың ынтасы мен біліктілігін жоғары бағалап, болашақта да мұндай тәжірибені кеңейтуді қолдайтындарын білдірді.

      «3+1» пилоттық жобасы — кәсіби даму мен тәжірибеге негізделген педагогикалық білім берудің жаңа үлгісі. Бұл формат студенттердің кәсіби сенімділігі мен дағдыларын арттырып, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға зор ықпал етеді. Сонымен қатар университет пен мектеп арасындағы осындай үйлесімді байланыс — болашақта табысты педагог қыздарды тәрбиелеуге жол ашатын сенімді көпір.

      Айта кетейік, мектепте тәжірибеден өткен студенттер жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағаланып, кәсіби қызметін дәл сол мекемеде жалғастыру мүмкіндігіне ие болуда. Бұл – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын беделді оқу орны екенінің айқын дәлелі

       

      Бөлісу: