QyzPU ұжымы марапатталды: Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы құрмет



    • QyzPU ұжымы марапатталды: Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы құрмет

      Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай ұжым мүшелерін оқу орнының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Алғыс хатпен және арнайы төсбелгімен марапаттады.

      Бұл марапат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауына орай ұйымдастырылды. Аталған бастама еліміздегі жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетуге бағытталған.

      Университеттің өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген 70 қызметкер марапатталып, олардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі ерекше аталып өтті.  Сонымен қатар 2024–2025 оқу жылы барысында табандылығымен, белсенділігімен көзге түскен 15 қызметкерге сауықтыру орындарына 100 пайыз жеңілдікпен жолдамалар берілді. Бұл игі бастама ұжым мүшелерінің әлеуметтік қолдауын күшейтіп, еңбекке ынтасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

      Салтанатты шарада QyzPU ректоры Гүлмира Қанай марапат иелеріне жүрекжарды алғысын білдіріп, ұжымның ұйымшылдығы мен кәсібилігі университет жетістіктерінің негізі екенін ерекше атап өтті.

      «Сіздердің адал еңбектеріңіз – университетіміздің дамуы мен абыройын арттырудағы басты күш. Осындай үлгілі қызметтеріңіз әрқашан лайықты бағалануға тиіс», – деді ректор.

      Бұл марапаттау рәсімі – Қыздар университетінің әрбір қызметкерінің еңбегі елеусіз қалмайтынын, оқу ордасында ұжымдық рух пен өзара құрметтің берік орныққанын айғақтайды. Еңбегімен елге үлгі болған қызметкерлерді ұлықтау арқылы университет ұжымы ортақ мақсатқа бірігіп, болашаққа сенімді қадам басуда. Ал Жұмысшы мамандықтары жылында көрсетілген бұл құрмет – еңбек адамына деген шынайы ризашылықтың белгісі.

      Бөлісу: