QyzPU мақтаныштарына ректордың Алғыс хаты табысталды



    • QyzPU мақтаныштарына ректордың Алғыс хаты табысталды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай оқу ордасының атын елімізге асқақтатып жүрген QyzPU мақтаныштарын арнайы қабылдап, Алғыс хат пен имидждік сыйлықтар табыстады.

      Марапатталғандар қатарында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Музыка кафедрасы «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының студенттерінен құралған қыздар хоры және «Егіздер толқыны» вокалдық квартеті бар. Аталмыш өнер ұжымдары Өзбекстан астанасында өткен I Халықаралық өнер байқауы – «Tashkent Spring Festival» фестивалінде Гран-при иеленіп, Дубай мен Баку қалаларында өтетін халықаралық додаларға жолдама алды.

      Қыздар хорының дирижеры әрі тәлімгері Дәулет Жәнібек байқауға 26 мемлекеттен 100-ден астам өнерпаз қатысқанын атап өтіп, QyzPU студенттерінің жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтты.

      «Қатысушылар арасында қыздарымыздың өнері ерекше бағаланды. Олар – шын мәнінде талантты. Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да биіктерді бағындырамыз деп сенеміз», – деді тәлімгер.

      Сонымен қатар дәстүрлі спорт түрі – жамбы атудан республикалық чемпионаттың жеңімпазы, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Аружан Миравилдаева да ректордың Алғыс хатына ие болды. Батыр бабалар ізін жалғап, ұлттық рухты жаңғыртып жүрген спортшы қыз садақ атумен екі жылдан бері айналысатынын айтты.

      «Жамбы ату – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Жақында өткен Қазақстан чемпионатында 1 алтын, 1 қола медаль иелендім. Еңбегімізге құрмет көрсетіп жатқан университет басшылығына алғыс білдіремін», – деді ол.

      Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай өз сөзінде талантты жастарды қолдауға әрдайым дайын екенін айтып, олардың жарқын болашағына зор сенім білдірді.

      «Бүгінгі жетістік — ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы. Университет қабырғасынан шығып, еліміздің намысын қорғап жүрген дарынды қыздарымыз біз үшін үлкен мақтаныш. Біз әрдайым сіздердің жан-жақты дамуларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ректор.

      Бұл – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері тек білім мен ғылымда ғана емес, өнер мен спортта да биік белестерді бағындырып келе жатқанын айғақтайтын жарқын дәлел. QyzPU басшылығы жастардың бастамалары мен жетістіктеріне қолдау көрсетуді жалғастырып, олардың ел мақтанышына айналуына жол ашуда.

       

      Бөлісу: