Бос орындар жәрмеңкесі – 2025



    • Бос орындар жәрмеңкесі – 2025

      Бүгін «Кәсіби тәжірибе және мансап» бөлімі ұйымдастырған дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі – 2025» іс-шарасы өтті. Шараға жалпы 1500-ге жуық түлек қатысты.

      Атап айтқанда, Астана, Атырау, Шымкент қалаларындағы BINOM School мектептер желісінің өкілдері, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, орта білім беру мекемелері, арнаулы орта білім беру ұйымдары, сондай-ақ Алматы қаласындағы түрлі мекемелер мен Еңбек мобильділігі орталығының өкілдері келді.

      Жиын барысында қатысушылар еліміздегі жетекші білім беру ұйымдары мен компания өкілдерімен тікелей танысып, жұмыс берушілермен жеке сөйлесуге, түйіндемелерін тапсыруға, мансаптық кеңестер алуға және магистратураға түсуге қатысты маңызды ақпараттармен танысуға мүмкіндік алды.

      Жәрмеңке бағдарламасының екінші бөлімінде, GPA көрсеткіші жоғары, белсенді түлектер BINOM Education компаниясының бас HR менеджері Назгүл Күлназаровамен кездесті. Кездесу барысында компанияның қызметі мен ерекшеліктері, жас мамандарға арналған жұмысқа орналасу тәртібі, Астана, Атырау, Шымкент қалаларындағы мектептерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ жас мамандар үшін ұсынылатын қолдау шаралары мен артықшылықтар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

      Кездесу соңында түлектер өз сұрақтарын қойып, нақты әрі толық жауаптар алды. «Бос орындар жәрмеңкесі – 2025» іс-шарасы түлектер үшін үлкен мүмкіндіктер алаңына айналды. Мұндай іс-шаралар түлектердің кәсіби бағдарын айқындап, табысты еңбек жолының бастамасына серпін беретіні сөзсіз.

      Бөлісу: