Түркі әлемін зерттеу: ХІІ халықаралық симпозиум



    • Түркі әлемін зерттеу: ХІІ халықаралық симпозиум

      Бүгін Нийде Өмер Халисдемир университетінде XII Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өз жұмысын бастады. Түркі мемлекеттері арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты басты тақырып еткен халықаралық жиынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ресми серіктес ретінде қатысуда.

      Салтанатты ашылу рәсімінде QyzPU Басқарма төрағасы – ректоры, профессор Гүлмира Қанай сөз сөйлеп, бауырлас елдердің мәдени және білім саласындағы байланысы – түркі халықтарының болашағы үшін маңызды фактор екенін атап өтті.

      «Бүгін біз бір атадан тараған, бір тарих пен бір тағдырды бөліскен түркі елдерінің мәдени және білім саласындағы ынтымақтастығы туралы сөз қозғап отырмыз. Бұл – болашағымыздың негізі, рухани тұтастығымыздың кепілі. Бізді ортақ тіл, дін, дәстүр мен салт-сана біріктіреді. Осы рухани байланысты берік ұстау – тек өткенді қадірлеу емес, болашақты да жарқын ету жолы», – деп атап өтті ректор.

      Гүлмира Әмірханқызы өз сөзінде түркі халықтарының ортақ тамыры мен құндылықтарын сақтап, ортақ ғылыми кеңістік қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

      Сонымен қатар Қыздар университетінің ерекше миссиясын ескере отырып, симпозиум аясында қыз балалардың білім алуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Түркі елдеріндегі қыз баланың білім алу тарихына арналған оқулық жазу, Әйел ғалымдар мен ағартушылардың мұрасын біріктіретін «Түркі әйелдері энциклопедиясын» жазу бастамасын ұсынды.

      Қыздар университеті – түркі әйелдерінің білім арқылы қоғамға қосқан үлесін дәріптеуге бағытталған бастамалардың бел ортасында.

      Симпозиум 21–23 мамыр аралығында жалғасады. Орталық Азиядағы қыздарға арналған жалғыз университет ретінде QyzPU бауырлас елдермен білім және ғылым бағытындағы байланысын одан әрі тереңдете түспек.

      Бөлісу: