IMPACT STUDENTS: болашақ педагогтерге арналған республикалық олимпиада



    • IMPACT STUDENTS: болашақ педагогтерге арналған республикалық олимпиада

      2025 жылғы 17 мамырда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде алғаш рет еліміздің жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттері мен магистранттарына арналған математика, физика, информатика және бастауыш оқыту әдістемесі бағыттары бойынша «IMPACT STUDENTS» республикалық олимпиадасы өтті. Аталған іс-шара болашақ педагог мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және біліктілігін арттыруға бағытталды.

      Олимпиада Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен «Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бірлесуімен ұйымдастырылды. Сонымен қатар Берік және Баян Каниевтердің жеке қоры тарапынан қолдау көрсетілді.

      «IMPACT STUDENTS» олимпиадасына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Сүлеймен Демирел университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және еліміздің басқа да жетекші жоғары оқу орындарынан 100-ге жуық студент пен магистрант қатысты.

      Қатысушылар өз мамандықтарына сәйкес арнайы әзірленген тапсырмаларды орындап, «Республикалық физика-математика мектебінің» тәжірибелі педагогтары өткізген шеберлік сағаттарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар олар РФММ білім ордасының жұмыс ұйымдастыру ерекшеліктерімен де танысты.

      Олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

      Бұл бастама – болашақ мұғалімдерге сапалы білім беріп, кәсіби дамуына қолдау көрсетудің айқын көрінісі. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды жобаларды дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.

      Бөлісу: