«Ұлт әдебиетіндегі Алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монография жарық көрді
-
16 мамыр, 2025
Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Күнімжан Әбдіхалықтың Жоғары оқу орындарына арналған қазақ әдебиеті пәні бойынша «Ұлт әдебиетіндегі Алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» атты ұжымдық монографиясы жарық көрді.
Монография профессор Әбдіхалық Күнімжан Сәдірқызының жетекшілігімен ҚР ҒжЖБМ Ғылым комитетінің АР14871300 «Ұлттық әдебиеттегі алаш қозғалысының көрінісі және зиялылар тұлғасы» гранттық Жобасы аясында дайындалды. Кітапта ұлт мүддесі жолында тынымсыз күрескен алаш зиялыларының қайраткерлік тұлғасы өз туындыларымен бірге қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалар негізінде зерделенді.
Игілікті іс-шараға филология факультетінің ғалымдарымен қатар, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің профессор-оқытушылары қатысып, ғылыми еңбекке жоғары баға берді.
«Алаш қозғалысының қазақ тарихындағы орны», «Ұлттық әдебиеттегі алаш қозғалысы», «Ұлт зиялыларының көсемсөзі», «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ұлт зиялыларының тұлғасы» тарауларында ХХ ғасырдың басындағы ұлттық баспасөз бен әдебиеттен орын алған алаш қозғалысының көрінісі тұтастай қамтылып, алғаш рет терең талданды.
Профессор Күнімжан Әбдіхалық ұжымдық монографияның қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалығы, құрылымдық ерекшелігі мен мазмұны туралы толық ақпарат берді. Тұсаукесер барысында қатысушы ғалымдар, докторанттар алаш әдебиетін оқытудағы өзекті мәселелерді ортаға салып, пікір алмасты.
Бөлісу: