РСПО – 2025: Республикалық студенттік пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті
-
15 мамыр, 2025
2025 жылғы 13 мамырда университет қабырғасында Республикалық студенттік пәндік олимпиада (РСПО) жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Басқарма мүшесі – Ректор Гүлмира Қанай жоғары дайындық деңгейін көрсеткен студенттерге салтанатты түрде дипломдар табыстады. Сондай-ақ студенттердің ғылыми жетекшілеріне кәсіби білім беруді дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
РСПО – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын өткізілетін маңызды білім сайысы. Олимпиада барысында студенттер мен студенттік командалар пәндік бағыттары бойынша білімдерін ортаға салып, өзара бақ сынайды.
Биылғы конкурстық кезең қорытындысы бойынша университетіміздің 17 студенттік командасы РСПО-ның республикалық кезеңінде жүлделі І, ІІ және ІІІ орындарға ие болып, білім беру үдерісі мен ғылыми жетекшілік сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. Оның ішінде 3 команда І орынды иеленді. Жалпы алғанда, 63 студент жүлдегер атанып, жоғары дайындық пен терең білімдерінің нәтижесін көрсетті.
Жоғары оқу орындары арасындағы өзара байланыс пен академиялық ынтымақтастық қатысушыларға республикалық деңгейде өз әлеуеттерін толық ашуға мүмкіндік берді.
Барлық жеңімпаздарды және олардың ғылыми жетекшілерін лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бөлісу: