«Қазақ тілі» пәні бойынша жаңа оқулық жарық көрді



    • «Қазақ тілі» пәні бойынша жаңа оқулық жарық көрді

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары оқу орындарына арналған қазақ тілі пәні бойынша жаңа оқулықтың тұсаукесері өтті. Жаңа оқулық – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 4 мамырдағы № 213 бұйрығымен бекітілген «Қазақ тілі» жалпы білім беру пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы негізінде әзірленген «Қазақ тілі. В2.2 жоғары деңгей» атты оқу құралы.

      Іс-шараны университеттің Филология институты, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы жанындағы «45 минут» ғылыми-әдістемелік мектебі ұйымдастырды. Таныстырылымға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, еліміздегі жоғары оқу орындарының оқытушылары, тілші ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.

      Жаңа оқулық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сатбекова Айгүл Амантайқызының жетекшілігімен дайындалған ұжымдық еңбек. Оқулық авторларының қатарында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асанбаева Сәуле Асанбайқызы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің аға оқытушысы Абильбекова Бақыт Тұрсынбекқызы, педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Айгүл Ахметқызы бар.

      Профессор Айгүл Сатбекова оқулықтың тұжырымдамалық негізі, құрылымдық ерекшелігі мен мазмұны туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, бұл оқу құралы мемлекеттік тілді халықаралық стандарттар негізінде меңгеруге бағытталған және жоғары (В2.2) деңгейге арналған. Мазмұны болашақ мамандардың коммуникативтік құзыреттілігін арттыруға, қоғамдық өмірдің ғылыми, әлеуметтік-мәдени, саяси салаларында қазақ тілін еркін қолдана алатын тұлға қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар оқулықта қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және ғаламдық тақырыптар қамтылған.

      Тағы бір жаңашылдығы – тыңдалым мәтіндерінің QR-код арқылы берілуі. Бұл сандық технологияны оқу процесіне тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Студенттер смартфондарын пайдалана отырып, QR-код арқылы тиісті материалдарға жедел қол жеткізе алады.

      Тұсаукесер барысында қатысушылар қазіргі қазақ тілін оқытудағы өзекті мәселелерді ортаға салып, пікір алмасты. Іс-шара мағыналы мазмұнмен өріліп, қазақ тілінің оқытылу сапасын арттыру бағытында маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

      Бөлісу: