Әйел денсаулығы — ұлт денсаулығының кепілі



    • Әйел денсаулығы — ұлт денсаулығының кепілі

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Менталды денсаулықты дамыту орталығының бастамасымен «Әйел денсаулығы» тақырыбында студенттермен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара 2025 жылғы 12–16 мамыр аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы жариялаған Репродуктивті денсаулық апталығы аясында ұйымдастырылды.

      Кездесудің  мақсаты – гинекологиялық аурулардың алдын алу, әйелдердің ұрпақты болу жүйесі туралы хабардарлығын арттыру және жыныстық әрі репродуктивті денсаулыққа өмір бойы қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар әйелдер денсаулығының ұлт болашағының кепілі екендігін түсіндіру және қыз-келіншектердің өз денесіне деген жауапкершілігін сезіндіру.

      Іс-шараның спикері – Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының балалар және жасөспірімдер гинекологы Айнұр Айдарбекқызы студенттерге әйел ағзасының ерекшеліктері, етеккір циклі, гормондық тепе-теңдік, контрацепция түрлері мен жоспарлы медициналық тексерулердің маңызы туралы кең көлемде мәлімет берді. Сонымен қатар ерте жүктіліктің салдары, бедеулік және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар сияқты маңызды мәселелер де қозғалды.

      Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Спикер қатысушылардың әр сауалына түсінікті әрі ғылыми негізделген жауап беріп, нақты мысалдармен бөлісті. Іс-шара барысында ақпараттық материалдар таратылып, репродуктивті денсаулықты сақтауға бағытталған алдын алу шаралары кеңінен түсіндірілді.

      Бұл шара жастардың өзін-өзі тануына, салауатты өмір салтын ұстануына және ерте жастан денсаулыққа саналы түрде қарауға үйрететін маңызды қадам болды.

      Бөлісу: