Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: QyzPU-да ардагерлерге арналған мерекелік концерт өтті
-
08 мамыр, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі күніне арналған «Ерлік елге мұра, ұрпаққа – үлгі» атты салтанатты кеш өтті.
Шараға университет басшылығы, ардагерлер кеңесінің мүшелері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Салтанатты жиында сөз алған Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев білім ордасының құрылу тарихына тоқталып, майдан жылдарындағы ұлт зиялыларының ерлігі мен жанқиярлығын атап өтті.
«Соғыстың қайнап тұрған кезінде мұғалімдер жетіспей, балалардың білім алу мәселесі ойсырап жатқан кезде мемлекет басында жүрген азаматтар ауылдағы қыздардың қамын ойлап, осы оқу орнын ашуға бар күшін салды. Бізге осы бейбіт өмірді сыйлаған біздің ата-бабамыздың отансүйгіштігін, мемлекетшілдігін, батырлығын насихаттауымыз қажет. Олардан жұғатын не? Ол – патриоттық сезім. Жастарымыз «елімнің дамуы үшін бар күшімді саламын» деп әрдайым ойлануы керек, солай тәрбиеленуі керек. Сол жолда біздің студенттеріміз тәрбиеленсе, олар батырларымыздың еңбегін ақтайды және ешқашан қателеспейді деп ойлаймын. Әр азамат солардың рухына бас иіп, болашақ өмірдің жарқын болуына аянбай еңбек етуі керек», – деді ол.
Алмалы ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Ғайнигүл Қаратай концерттің мазмұнды әрі әсерлі өткенін атап өтті.
«Бүгінгі кеш өте әсерлі өтті, жастарға үлгі боларлық әдемі әңгімелер мен тілектер айтылды. Біз соғыс жылдарын бастан өткердік. Бала болсақ та, еңбекке ерте араластық. Сол қиындықтардың бәрін жеңіп, бүгінгідей бейбіт күнге жеттік. Қазіргі жастардың білімді, мақсатшыл болғанын қалаймын. Еліміз аман, ұрпағымыз саналы болсын, – деді ардагер.
Концерт барысында студенттер патриоттық әндер шырқап, әдеби қойылымдар ұсынып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Осындай шаралар жастарға тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, елжандылық пен адамгершілікке тәрбиелейді.
Бөлісу: