«Кәсіптік оқыту» білім беру бағдарламасы бойынша XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті
-
06 мамыр, 2025
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен іс-шаралар аясында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Кәсіптік білім кафедрасының ұйымдастыруымен «Кәсіптік оқыту» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.
Студенттердің ғылыми-білім беру қызметіне қызығушылығын арттыру, олардың теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын бағалау, шығармашылық қабілеттері мен кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, дарынды студенттерді халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға дайындау, сондай-ақ Қазақстанның білім беру жүйесін жетілдіруге белсенді қатысуға ынталандыру – шараның басты мақсаты. Олимпиадаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 7 команда қатысты.
Жарыс үш кезеңнен тұрды: I кезең – теориялық, тестілеу; II кезең – шығармашылық практикалық тапсырмаларды орындау сайысы. Бұл кезеңде команданың әр мүшесі төмендегі тапсырмалардың біреуін орындайды: «Ағашқа ою-өрнектің композициясын орындау» – тақтайшаға композиция құрастыру, күйдіру тәсілімен орындау; «Киімді конструкциялау мен модельдеу» пәні бойынша көйлектің базалық тор сызбасы және модельдеу; «Тігін бұйымдарының технологиясы» бойынша алжапқыш тігу, өлшемі 164-88-92 (дайын пішілген үлгі бойынша матада орындау); «Сәндік-қолданбалы өнер» бойынша дымқыл киіз басу немесе жұмсақ ойыншық тоқу; III кезең – ғылыми жобаны әзірлеу және қорғау. Шығармашылық жобаның жалпы нәтижесі және барлық номинациялар критерийлерімен бағаланды.
Қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік, үздік команда жеңімпаздары анықталып, жоғары дайындық деңгейін көрсеткен Орталық Азия Инновациялық Университетінің «Шабыт» командасы І орынды иеленді. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Творцы традиций» командасы мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Өркен» командасы ІІ орынды, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «АRT Lady», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Korkyt Alshi asyk brand», Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхан арулары» командалары ІІІ орынды иеленді. Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар дипломдар мен сыйлықтармен марапатталып, әр қатысушыға сертификат, ал команда жетекшілері мен қазылар алқасының мүшелеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Барлық жеңімпаздарды айтулы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Бөлісу: