«Ғылым айы – 2025»: Жаңа идеялар мен зерттеу бастамаларына жол ашқан шара өз мәресіне жетті
-
05 мамыр, 2025
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бір айға жоспарланған «Ғылым айы – 2025» бастамасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысқан жиын барысында үздік ғылыми нәтижелерге қол жеткізген зерттеушілер мен ұйымдастырушылар марапатталды.
3 сәуір мен 5 мамыр аралығында өткен «Ғылым айы» аясында 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында ғылыми конференциялар, практикалық семинарлар, постерлік сессиялар, дебаттар, стартап таныстырылымдары және дөңгелек үстелдер болды. 500-ден астам студент пен 300-ге жуық оқытушы қатысқан бұл шаралар студенттер мен жас ғалымдардың зерттеушілік қабілетін дамытып, академиялық ортада пікір алмасуға мүмкіндік берді. Ғылым мен білімнің тоғысында өткен бұл ай – университеттің академиялық мәдениетін нығайтуға, зерттеушілік әлеуетін арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын берік көпірге айналды.
Жабылу салтанатында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай ғылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, ғылыми қызметке белсене араласып жүрген оқытушыларды марапаттады. Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хатына ие болған оқытушылардың есімдері ерекше аталып өтті.
Сондай-ақ университет ішіндегі ғылыми белсенділігімен ерекшеленген институт директорлары, оқытушылар мен жас зерттеушілер «Көшбасшы ғалым», «Хирш үздігі», «Қолданбалы нәтижелер мен коммерциализация үшін», «Белсенді жас ғалым», «Студенттік ғылымды дамытушы» номинациялары бойынша марапатқа ие болды.
Ғылыми жетістіктер бойынша үздік деп танылған оқытушылар Университет атынан ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу, мақала жариялау және зертхананы жалға алу үшін ақшалай сыйақымен марапатталды. Сыйақы көлемі 150 000 – 250 000 теңге аралығын қамтыды.
2024 жылғы ғылыми жетістіктердің қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген институттар мен кафедралар марапатталды. Институттар арасында І орынға Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, ІІ орынға Жаратылыстану институты, ал ІІІ орынға Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты лайық деп танылды. Кафедралар бойынша үздік нәтиже көрсеткен «Информатика» кафедрасы І орынды иеленсе, ІІ орын «Физика» және «Биология» кафедраларына берілді. Ал ІІІ орынды «Химия», «Тарих» және «Қазақ тіл білімінің теориясы және әдістемесі» кафедраларына бұйырды.
Сондай-ақ «Ғылыми ықпал индексі» көрсеткіші бойынша үздік үш Институт марапатталды. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылдағы Scopus және WoS базаларындағы жарияланымдар дәйексөздерінің санын оқытушылар санына бөлумен есептелді. Үшінші орынды – Педагогика және психология институты, екінші орынды – Физика, математика және цифрлық технологиялар институты иеленсе, бірінші орын – Жаратылыстану институтына бұйырды.
Марапаттау рәсімінің ерекше сәті – өнерпаздардың мерекелік қойылымы мен естелік суретке түсу сәттері болды. Салтанатты шара «Ғылым айы – 2025» жобасының ресми түрде жабылуын білдірсе де, ғылым жолындағы ізденіс пен жаңалықтар легі мұнымен тоқтамақ емес.
Бөлісу: