Қазақ лингвистикасының өзекті мәселелері



    • Қазақ лингвистикасының өзекті мәселелері

      «Ғылым айы – 2025» аясында Филология институтының Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ұйымдастырған «Қазақ лингвистикасының өзекті мәселелері» атты кезекті ай сайынғы лингвистикалық семинар өтті. Семинарға кафедра профессоры, филология ғылымдарының докторы Мереке Атабаева Сатылғанқызы жетекшілік етті.

      Лингвистика саласындағы өзекті мәселелер мен жаңалықтарды талқылау мақсатында филология ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Айгүл Сембаева «Білім беру саласында НЛБ әдістерін қолданудың тиімділігі» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми көзқарасымен бөлісті. Сонымен қатар 3-курс докторанты Армия Еркежан «Поэтикалық мәтін лингвистикасы және отансүйгіштік мәннің репрезентациясы» тақырыбында зерттеу нәтижелерін ортаға салды.

      Айгүл Сембаева нейролингвистикалық бағдарламалау (НЛБ) әдістерін білім беру үдерісінде қолдану оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға, оқу барысында кездесетін күйзеліс пен сенімсіздікті жеңуге көмектесетінін атап өтті. Сонымен қатар бұл әдістің оқуға ынталандыру, өзін-өзі реттеу дағдыларын жетілдіру, тиімді оқу ортасын қалыптастыру және оқыту сапасын арттыруға тигізетін оң ықпалы туралы кеңінен мәлімет берді.

      Докторант Армия Еркежан өз баяндамасында поэтикалық мәтін лингвистикасының ерекшеліктері мен ондағы отансүйгіштік мәннің тілдік тұрғыда берілу жолдарына тоқталып, диссертациялық жұмысының негізгі бағыттары мен ізденіс нәтижелерімен бөлісті.

      Қатысушылардың ғылыми көзқарастары мен зерттеу нәтижелері лингвистика ғылымының болашағына деген сенімді нығайтып, жаңа идеялар мен тың бағыттарға жол ашты. Мұндай кездесулер ғылым мен тәжірибенің өзара байланысын арттырып, жас зерттеушілердің кәсіби дамуына ықпал ететіні анық.

      Бөлісу: