«IQ АЛАМАН 2025: AI InnovateTech» Республикалық байқауы
-
30 сәуір, 2025
Бүгін «Ғылым айы – 2025» аясында Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының ұйымдастыруымен «Информатика» және «Ақпараттық технологиялар» бағыттарына қарасты білім беру бағдарламаларының студенттері арасында «IQ АЛАМАН 2025: AI InnovateTech» Республикалық байқауы өтті.
Талантты және дарынды білім алушыларды анықтап, қолдау көрсету, олардың шығармашылық қабілеттерін ашу, зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ету, білім алушылар мен жас ғалымдарды заманауи ғылыми мәселелерді шешуге тарту және ғылыми іс-әрекетке деген қызығушылығын арттыру – шараның басты мақсаты.
Байқауға Шымкент, Талдықорған және Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған он команда тіркелді. Оның ішінде бақ сынаған командалар саны — тоғыз.
Атап айтсақ, сайысқа Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «NaVi» командасы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Извилины» командасы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Жетісу қырандары» командасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Farabi» командасы, Алматы технологиялық университетінің «CreaTeam» командасы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Intellect» командасы, Алматы энергетика және байланыс университетінің «CodeQazaq» командасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «MVP» командасы және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «IQLite» командасы қатысты.
Командалар байқау аясында төрт кезең бойынша сынға түсті: «IQ Coding», «IQ Network», «AI & Data Science» және «IQ Project».
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «IQLite» командасы мен Алматы технологиялық университетінің «CreaTeam» командасына берілді. ІІ орын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Farabi» командасына бұйырды. Ал жүлделі І орынды Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «NaVi» командасы жеңіп алды.
Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Бөлісу: