Қазіргі білім беру жүйесінде сандық технологияларды меңгеру – сапалы білім кепілі



    • Қазіргі білім беру жүйесінде сандық технологияларды меңгеру – сапалы білім кепілі

      29 сәуір күні  «Ғылым айы 2025» жоспарына сәйкес Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Математика курсын оқытуда GeoGebra бағдарламасын қолдану»тақырыбында ғылыми семинар өтті.

      Іс-шараның мақсаты – білім беру сапасын арттыруда заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін талқылау және GeoGebra бағдарламасын оқу процесіне тиімді енгізу жолдарын меңгеру болды.

      Семинар барысында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гулаш Рахметовна Кощанова GeoGebra бағдарламасының құрылымы, негізгі функциялары және оны оқу процесінде қолдану ерекшеліктері туралы жан-жақты мағлұмат берді.

      Сондай-ақ профессор алгебра, геометрия және математикалық анализ сабақтарында бағдарламаның құралдарын тиімді пайдаланудың нақты тәсілдерін ұсынды. Әсіресе, стереометрия курсын оқытуда 3D модельдеу әдістерінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Профессор кеңістіктегі нүктелерден бастап күрделі айналу денелері мен көпжақтарға дейінгі фигураларды құру жолдарын практикалық түрде көрсете отырып, оқушылардың кеңістіктік ойлау және шығармашылық қабілеттерін дамытуда визуализацияның маңызды рөл атқаратынын дәлелдеді.

      Шараның практикалық бөлімінде қатысушылар кеңістіктегі аксиомалар мен теоремаларды интерактивті сызбалар арқылы бейнелеу әдістерін меңгерді. Сонымен қатар сызғыш пен циркуль қолданылатын дәстүрлі есептерді сандық ортада орындау мүмкіндіктері көрсетілді. 3D графика және бұлттық технологиялар негізінде жасалған оқу материалдары QR кодтар және сілтемелер арқылы толықтырылып, сабақ барысында қолдануға ыңғайлы форматта ұсынылды.

      Семинар нәтижесінде GeoGebra бағдарламасы күрделі математикалық ұғымдарды жеңіл әрі көрнекі түрде меңгеруге ықпал ететіні анықталды. Сондай-ақ, цифрлық құралдарды жүйелі қолдану білім алушылардың танымдық қызығушылығын арттырып, оқытушылардың әдістемелік шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік беретіні нақтыланды. Мұндай ғылыми іс-шаралар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, педагогикалық инновациялармен тәжірибе алмасуға және заманауи білім беру үрдісін дамытуға айтарлықтай үлес қосады.

      GeoGebra бағдарламасын математиканы оқытуда қолдану кеңістіктік және логикалық ойлау дағдыларын дамытуда, білімді терең әрі саналы меңгертуде маңызды рөл атқарады. Бұл тәсіл қазіргі заман білім алушысының қажеттіліктеріне толық сәйкес келеді және болашақта цифрлық педагогиканың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

      Бөлісу: