«QyzPU CUP-VIIІ»  Республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды



    • «QyzPU CUP-VIIІ»  Республикалық пікірсайыс турнирінің жеңімпаздары анықталды

      Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен, университеттің 20 жылдық тарихы бар «Парасатты нағыз лидерлер одағы» дебат клубының дәстүрлі «QyzPU CUP-VIII» республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

      Аталмыш турнирге республика бойынша ең үздік деп танылған пікірсайысшылар, әр аймақтың белді жоғары оқу орындарының белсенді жастары арасынан құралған 46 фракция қатысты.

      Ең үздік пікірсайысшыны анықтай отырып, жас ұрпақтың ұшқыр, терең ойлы әрі идеяға бай лидерлік қасиеттерін оятуға шабыт беру – шараның басты мақсаты.

      Турнирде қатысушылар жоғары белсенділік танытты. Америкалық парламенттік формат пен Линкольн–Дуглас форматы бойынша үздік ойындар көрсетілді. Сонымен қатар университетіміздің студенттері әділ төрелік танытып, өз қабілеттерін шыңдай отырып, алғырлықтарымен ерекшеленді.

      Шара барысында педагогикалық және әлемдік өзекті мәселелерге, сондай-ақ экономикалық, саяси-мәдени тақырыптарға арналған ойындар өткізілді. Сонымен қатар, интеллектуалды ойындар да ұйымдастырылды.
      Шараның алғашқы күні пікірсайысшыларды ынталандыру және жастар арасындағы дебаттық платформаны нығайту мақсатында қатысушылар «Арман» кинотеатрына апарылып, керемет кинокөрсетілім тамашалады.

      Жарыс қорытындысы бойынша АПФ форматында III орынды 100 000 теңге жүлде қорымен Сүлеймен Демирел университетінің студенттері — «Рахмет жаным рұқсат еткеніңе» фракциясы иеленсе, II орын және 200 000 теңге көлеміндегі жүлде Сүлеймен Демирел мен Нархоз университеттерінің студенттерінен құралған «Ади Шарипов» фракциясына бұйырды. Ал I орынды 300 000 теңге жүлдемен Алматы технологиялық университетінің студенттерінен құралған «Ақ жайық» фракциясы жеңіп алды. Сонымен қатар «Үздік талпыныс» номинациясы бойынша 75 000 теңге көлеміндегі марапатқа Сүлеймен Демирел және Нархоз университеттерінің студенттерінен құралған «Fenomen» фракциясы ие болды. «Үздік фракция» атағы «Демеушіміз SDU DC» фракциясына берілді.

      Ал Линкольн-Дуглас форматы бойынша ең үздік спикер аталымында Нархоз университетінің студенті Аукенова Динара 100 000 теңге жүлдеге ие болды. Үздік спикер ретінде Алматы технологиялық университетінің студенті Ғабдулхали Ислам 75 000 теңгемен марапатталды. Ең үздік төреші атағы Парасатты Нағыз Лидерлер Одағының түлегі Дүйсенбек Жанеркеге беріліп, ол 50 000 теңге көлемінде сыйақы алды. Шара соңында барлық жеңімпаздарға университеттің арнайы сыйлықтары табысталды.

      Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

       

      Бөлісу: