«Жер сағаты 60+»  акциясы



    • «Жер сағаты 60+»  акциясы

      Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында Жаратылыстану институты мен Биология кафедрасының «Экология және тұрақты даму» пәні оқытушыларының бастамасымен «Химия» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттерімен бірге «Жер сағаты 60+» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара экологиялық сана мен жауапкершілікті жергілікті деңгейде арттыру мақсатында өткізілді.

      «Жер сағаты 60+» акциясы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қамқорлығымен жыл сайын өткізіліп келеді. Бастама алғаш рет 2007 жылы Австралияның Сидней қаласында жүзеге асырылып, содан бері ғаламдық экологиялық қозғалысқа айналды. Оның негізгі идеясы — климаттың өзгеруі мәселесіне назар аудару және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланудың маңыздылығын әлем жұртшылығына жеткізу.

      Жер шары табиғаты мен ресурстарына ұқыпты қарау қажеттілігіне қоғам назарын аудару, сондай-ақ электр энергиясын тиімді тұтыну мәдениетін қалыптастыру – акцияның басты мақсаты.   Әсіресе, климаттың өзгеруіне қарсы күресте әрбір адамның рөлін түсіндіру маңызды болды. Іс-шара аясында университеттің оқу ғимараттары мен жатақханаларында жарықтар сөндіріліп, электр энергиясын үнемдеуге бағытталған символикалық қадам жасалды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, маңызды сәулет ескерткіштері де жарықтарын сөндіру арқылы акцияға қолдау көрсетті.

      Сонымен қатар студенттер практикалық сабақтар барысында өсірген барқыт гүлдерінің (Tagetes spp.) көшеттерін университеттің жасыл алаңдарына отырғызды. Бұл қадам тұрақты көгалдандыру арқылы қалалық экожүйені жақсартуға және биологиялық әртүрлілікті қолдауға бағытталды.

      Электр энергиясын тұтынуды уақытша азайту арқылы көмірқышқыл газының (CO₂) шығарылуын төмендету туралы түсінікті кеңейтуге мүмкіндік туды. Жасыл желектер отырғызу топырақ эрозиясын азайтуға, ауаны тазартуға және қалалық микроклиматты жақсартуға үлес қосады.

      «Жер сағаты 60+» акциясының университет деңгейінде ұйымдастырылуы студенттердің экологиялық санасын арттыруға, тұрақты даму құндылықтарын күнделікті тәжірибеге енгізуге нақты үлес қосты. Мұндай шаралар болашақ мамандардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және ғаламдық экологиялық қозғалыстармен үйлеседі.

      Бөлісу: