Көрнекті ғалымға арналған халықаралық жиын өтеді



    • Көрнекті ғалымға арналған халықаралық жиын өтеді

      АЛМАТЫ. 9 ақпан. Баспасөз орталығы – 2021 жылғы 19 наурызда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазақстанда заманауи білім беруді дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

      Алқалы жиын отандық педагогика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, еліміздің жоғары білім беру саласында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер Күләш Құнантаеваның 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

      Педагогика және психология жоғары мектебі мұрындық болып отырған шараға қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ізденушілері қатыспақ.

      Заманауи білім беру кеңістігіндегі педагогикалық идеяларды талдау және жүйелеу мақсатындағы конференция жұмысы 5 бағыт бойынша жүргізілмек. Атап айтқанда, қатысушылар «Заманауи оқыту мен тәрбие берудің теориялық және әдіснамалық мәселелері», «Білім беру, педагогика және психология мәселелері: ғылым мен тәжірибенің интеграциясы», «Білім берудегі заманауи трендтер», «Жаһандану жағдайында білім беру жүйесін басқару» және «Көпдеңгейлі педагог мамандарды даярлаудың жүйесін жетілдіру» секциялары бойынша өзара тәжірибе алмаспақ.

      «Қазақстанда заманауи білім беруді дамытудың проблемалары мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ақпараттық хатын мына жерден жүктей аласыз.

      Айта кетейік, Күләш Құнантаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының және ҚР Педагогика ғылым академиясының Құрметті академигі, Ресей білім беру академиясының шетелдік мүшесі, Грузия білім беру ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

      Оның әйелдер білімінің дамуы және Қазақстанда білім беруді дамыту туралы 400-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Оның ішіндегі оқу құралдары мен оқулықтар және монографиялар бар. Күләш Құнантаеваның жетекшілігімен 24 ғылым кандидаты мен докторы дайындалды. Қазіргі күнде де «Құнантаеваның ғылыми мектебі» сабақтастығы сақталған.

      К. Құнантаева ғылыми-педагогикалық қызметі, ғылым мен білімді дамытудағы және кадр даярлаудағы ерен еңбегі үшін көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: