Оқулық авторларының көзқарасы: ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы білім беру жолдары
-
28 сәуір, 2025
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Алматы қаласы Білім басқармасы және Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының қолдауымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бір топ ғалымдары «Tamos Education» ЖШС мектебінде ұйымдастырылған әдістемелік семинарға қатысты. Семинар «Оқулық авторларының көзқарасы: ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы білім беру жолдары» тақырыбында өтті.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру, оқулық авторлары мен мектеп мұғалімдері арасындағы сабақтастықты нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы білім беру тәсілдерін талқылау.
Семинарды «Tamos Education» ЖШС мектебінің қазақ бөлімінің директоры Бауыржан Жүсіпов ресми түрде ашты.
Іс-шара оқулық авторларының мазмұнды баяндамаларымен жалғасты.
Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» оқулықтарының авторы Руда Зайкенова «Жаңа буын және интеллектуалдық құндылық» тақырыбында баяндама жасады.
Филология институтының Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жарқынбике Сүлейменова «Білім беру жүйесіндегі медиа-ақпараттық сауаттылықтың өзекті мәселелері» жөнінде өз көзқарасын білдірді. Филология ғылымдарының докторы, «Қазақ тілі» оқулығының авторы Тыныштық Ермекова «Мектептегі «Қазақ тілі»: өзекті мәселелер мен ұстазға бағдар» тақырыбында баяндама жасап, өзекті мәселелерді талдады.Сонымен қатар педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарының авторы Айгүл Сатбекова «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулығында әдіс-тәсілдер мен грамматикалық ережелердің берілу ерекшеліктеріне тоқталды. Қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ тілі» оқулығының авторы Жәмила Отарбекова мектеп оқулықтарындағы грамматикалық мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Семинардың модераторы қызметін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Ахметқызы атқарды.
Іс-шара соңында қатысушы ғалымдар Алматы қаласы Білім басқармасы Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бөлісу: