Ашық есік күні өтті
-
26 сәуір, 2025
26 сәуір күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде дәстүрлі Ашық есік күні ұйымдастырылды. Аталған іс-шара талапкерлер мен олардың ата-аналарына университетпен жақын танысып, жоғары білім алу мүмкіндіктері жөнінде толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай қатысушыларға арнаған сөзінде университеттің заманауи білім беру мүмкіндіктері, оқу үдерісі және студенттік өмір туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, ол ұстаздық мамандықтың қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, барлық талапкерлерді сапалы білім алуға және кәсіби маман болуға шақырды.
Ашық есік күні аясында университеттің құрылымы мен институттары туралы таныстырылымдық бейнеролик көрсетілді. Талапкерлерге «ҰБТ 2025, Мамандық таңдаудың нақты қадамдары» және «Оқуға түсу шарттары» тақырыптарында қажетті ақпарат ұсынылды. Университет өкілдері қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, мамандық таңдауда бағыт-бағдар көрсетті.
Маңызды күнде ата-аналар да өз пікірлерімен бөлісті. Панфилов ауданының Кішішыған ауылының тұрғыны, Назира Исабекова:
«Бүгінгі Ашық есік күніне қызымды ертіп келдім. Қызым шығармашылық бағытты, оның ішінде музыка саласын таңдады. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде түрлі студенттік ұйымдар мен шығармашылық бірлестіктердің жұмыс істейтінін көрдік. Қызым олардың қызметімен танысып, студенттік өмірдің ерекше атмосферасын сезінді. Алдағы уақытта осы оқу орнының студенті атанса, оның жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндіктер ашылатынына сенімім мол», – деді.Жиында болашақ студенттер университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, арнайы кампус турына қатысты. Оқу орнының құрамындағы 5 институт өздерінің білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктерін ұсынды. Сонымен қатар қатысушыларға оқу корпустары, кітапхана және заманауи зертханалар көрсетілді.
«Менің таңдауым — Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Бұл — Орталық Азия кеңістігіндегі қыздарға арналған жалғыз оқу орны. Қазіргі таңда қазақ әдебиеті және филология саласын таңдадым. Университеттің басты артықшылықтарының бірі — қос дипломды бағдарламаларының ұсынылуы. Бұл мүмкіндік мені ерекше қызықтырып, үлкен шабыт сыйлады. Алдағы уақытта жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 2026 жылы университеттің студенті атанамын деген ойдамын», – деді Еңбекші қазақ ауданы, Қайыпов ауылы, Қазақстан орта мектебінің 10 сынып оқушысы Улмекен Абдуллаева.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – ұлттық рухты ұлықтап, ұрпақ болашағына жол ашатын бірегей оқу орны. Бүгінде универитет еліміздің жарқын келешегін қалыптастыратын білімді, парасатты және рухы биік аруларды тәрбиелеу жолында сенімді көшбасшы ретінде танылған.
Бөлісу: