«Кітапхана ісі» бағыты бойынша XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті



    • «Кітапхана ісі» бағыты бойынша XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті

      Бүгін QyzPU-да «Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі» кафедрасының ұйымдастыруымен «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарының студенттері арасында XVII Республикалық пәндік олимпиада өтті.

      Студенттерді азаматтыққа тәрбиелеу, олардың кітапхана ісіне деген құрметін қалыптастыруға жағдай жасау, кітапхана пәндерін оқу барысында ерекше қабілет пен қызығушылық танытқан студенттерді анықтау, сондай-ақ кітапханалық білім беруді жаңғырту, оның ішінде жоғары курстарда бейінді оқытуға көшу бойынша ғылыми-әдістемелік тәжірибені жинақтау – шараның басты мақсаты.

      Олимпиадада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «LIBNEWAVE», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Edugrace», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Bookliders» және Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің «Тәшенев ақпарат арулары» командалары өзара бақ сынасты.

      Жарыс командалық сайыс түрінде 3 кезең бойынша өткізілді. І кезең – команданың сәлемдесуі (үй тапсырмасы ретінде орындалды); ІІ кезең – командалардың ситуациялық тапсырмалар мен «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша сұрақ-жауап сайысы; ІІІ кезең – кітапхана қызметіне байланысты ғылыми жобаны әзірлеу және қорғау. Шығармашылық жобаның жалпы нәтижесі 50 баллмен бағаланды.

      Әділқазылар алқасы шешімі бойынша «Тәшенев ақпарат арулары» және «Edugrace» командасы – ІІІ орын, «LIBNEWAVE» командасы – ІІ орын, ал «Bookliders» командасы І орынды иеленді. Жүлделі орын алған командаларға дипломдар мен сыйлықтар, әрбір қатысушыға сертификаттар, команда жетекшілеріне және әділ қазылар алқасына алғыс хаттар табысталды.

      Бұл шара тек білім беру бағдарламасының сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар кітапхана ісіне деген қызығушылықты оятып, болашақ мамандарды дайындауда маңызды қадам болды.Барша жеңімпаздарды құттықтай отырып, жаңа белестер мен шығармашылық табыстар тілейміз!

       

      Бөлісу: