Қазіргі әдебиеттану ғылымы және әдебиетті зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері
-
23 сәуір, 2025
Бүгін Филология институты Қазақ әдебиеті кафедрасының бастамасымен онлайн және офлайн форматта «Қазіргі әдебиеттану ғылымы және әдебиетті зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға алыс-жақын шетелдерден әдебиеттанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Мақсаты – қазіргі әдебиеттану ғылымының даму бағытын айқындау, әдебиетті зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелерін талқылау, ғылыми ортада тәжірибе алмасу және отандық әрі шетелдік ғалымдардың зерттеулері негізінде әдебиеттанудың теориялық-методологиялық мәселелерін жаңа деңгейде қарастыру.
Іс-шараны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының қазақ әдебиеті білім беру бағдарламасының жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Наргиза Балтабаева ашты. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор міндетін атқарушы Ләззат Махайқызы «Қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелері» тақырыбында өзекті ойларымен бөлісті. Мұғла Сытқы Кочман университетінің профессоры, доктор Екрем Аян «Abay Kunanbay’ın Kara Sözlerinde Toplum Düzenini Bozmaya Yönelik Sahte Atasözlerine Eleştiriler: 5. Söz Örneğinde» тақырыбында ғылыми тұжырымдарын ортаға салды. Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Ырысты Құттымұратова қазақ және қарақалпақ әдеби байланыстары жөніндегі маңызды мәселелерді көтерді. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессоры Ақмарал Нисанбаева білім беру жүйесіндегі заманауи әдістемелік технологиялар туралы тұшымды пікірлерін ұсынды.
Сонымен қатар Ишеналы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты, доцент Солтобаева Клара Бактыгуловна Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін интеграциялап оқыту жолдарын саралады. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бибігүл Сұлтанова әлемдік әдеби тәжірибелердің ұлттық әдебиетке ықпалы жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Қазақ, түрік, қырғыз, орыс және ағылшын тілдерінде өткен жиын барысында фольклортану және әдебиет тарихын зерттеу мен оқытудың әдістері, қазіргі қазақ әдебиетінің типологиясы мен поэтикасы, көркем мәтінді талдау және әдебиеттің теориялық мәселелері, сондай-ақ әдеби байланыстар мен түркітанудың өзекті мәселелері қарастырылды.
Конференция қорытындысы бойынша аттестацияға жарамды материалдар жинағы дайындалып, сертификаттар мен алғыс хаттар электронды түрде әзірленді және қатысушыларға Google Drive сілтемесі арқылы таратылды.
Бөлісу: