• PLANT’S FESTIVAL

      Білім ордамызда Жаратылыстану институтының Биология кафедрасының ұйымдастыруымен «Plant’s Festival» атты танымдық кеш-фестиваль өтті. Іс-шараға студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрам белсенді қатысты.

      Өсімдіктер әлемі туралы білімді арттыру, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ экологиялық мәдениетті насихаттау – шараның негізгі мақсаты.

      Фестиваль аясында қатысушылар өздері өсірген көпжылдық, күтіп-бапталған әрі сау өсімдіктерін табиғи топыраққа отырғызып, сәндік ыдыстарда эстетикалық талаптарға сай ұсынды. Сонымен қатар әрбір өсімдік туралы оның атауы, пайдасы мен күтімі жөнінде қысқаша ақпарат берілді.

      Шараның ғылыми бөлімінде студенттер өсімдіктер тақырыбына арналған қысқаша баяндамалар жасап, тың ғылыми деректермен бөлісті.
      Шығармашылық көрме кезеңінде қатысушылар өз өсімдіктерін таныстырып, олардың күтімі мен ерекшеліктерін сипаттап өтті.
      Танымдық ойындар мен викториналар барысында студенттер «Өсімдік атауын тап» және «Емдік өсімдіктер әлемі» атты қызықты тапсырмалар арқылы өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Фото-аймақ бұрышында қатысушылар өсімдіктерді қалай өсіргендері туралы фотосуреттер ұсынып, ортақ альбом жасақтады.

      Тағылымға толы фестиваль барысында студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттерін, экологиялық сауаттылықтарын және ғылыми қызығушылықтарын жоғары деңгейде таныта білді.Танымдық кештің қорытынды бөлімінде жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.

      Бөлісу: