QyzPU студенттері республикалық олимпиададан жеңіспен оралды
-
22 сәуір, 2025
17-18 сәуір күндері Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының өзге ұлт өкілдері студенттері арасында «Қазақ тілі» пәні бойынша республикалық олимпиада өткізді.
Олимпиадаға еліміздің әртүрлі өңірлерінен жоғары оқу орны студенттері қатысты. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқылым, тыңдалым және жазылым бойынша тапсырмалар орындалса, екінші кезеңде анимациялық көріністерді дыбыстау тапсырмасы ұсынылды.
Байқауға қатысушылар өз білімдері мен тілдік дағдыларын сынға салып, қазақ тілін меңгеру деңгейлерін көрсетті. Республикалық олимпиадаға университетіміздің филология институтының «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Галиева Альбина Шамильевна, Фахрисламова Рабига Ильясовна және Крапачева Карина Нуржановна қатысып, 1-орынды жеңіп алды. Оларға қазақ тіл білімі теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Рысқұлбек Дидар Жылқыбайқызы жетекшілік жасады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға қатысып, бас бәйгені иеленген студенттер мен топ жетекшісіне алғысымызды білдіреміз. Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Бөлісу: