«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Сақыпжамал Ұзақбаева
-
08 ақпан, 2021
АЛМАТЫ. 8 ақпан. Баспасөз орталығы – Сақыпжамал Ұзақбаева 1949 жылғы 16 қазанда Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген.
1966 жылы № 244 қазақ орта мектебін, 1968 жылы педагогикалық курсты бітіреді. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка-педагогика факультетін «Жалпы білім беретін мектеп пен педагогикалық училищенің музыка пәні мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бағамен тәмамдайды.
Оқу орнын аяқтаған соң Білім министрлігінің жолдамасымен өзі білім алған педагогикалық институтта оқытушылық қызметке қалдырылады. 1976-1981 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Педагогика кафедрасында стажер-зерттеуші болып қызметке орналасып, кейіннен аталған оқу орнының аспирантурасына түседі. Аспирантураны бітірген соң педагогика ғылымдарының докторы, профессор Григорий Умановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды.
1982-1986 жылдары Музыка-педагогика факультетінің Хорды дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. 1986 жылдың қазан айынан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Педагогика кафедрасында доцент қызметін атқара жүріп «Қазақ халық педагогикасындағы эстетикалық тәрбие» тақырыбына докторлық диссертациясын жазады. Оны 1993 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләш Құнантаеваның кеңесшілігімен сәтті қорғайды. Ал 1994 жылы ҚР ЖАК-ның шешімімен профессор ғылыми атағы беріледі.
Сақыпжамал Ұзақбаева 2001-2008 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры, 2008-2013 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Педагогика және психология кафедрасының профессоры, 2013 жылдан бастап аталған кафедраның меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Ғалым педагогика ғылымы мен білімін ұйымдастыру ісі мен отандық ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйесінде жауапты қызметтерді атқаруда. Атап айтқанда, ол 1993-1995 жылдары ҚР Министрлер кабинеті жанындағы жоғары аттестациялық комиссия құрамындағы педагогика және психология ғылымдары бойынша ұйымдастырылған сарапшылық Кеңестің ғылыми хатшысы, 1995-2001 жылдары ҚР Жоғары Аттестациялық Комиссиясының бұйрығымен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіндегі педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық Кеңестің төрайымы, Кеңестің ғалым хатшысы, 2016-2018 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жаңа бағытта ашылған «6D011900 – Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беретін диссертациялық Кеңестің мүшесі, 2018 жылдан Кеңес төрайымының орынбасары болып қызмет атқарады.
Сақыпжамал Асқарқызы – Қазақстандағы этнопедагогика ғылымының бір бағытының авторы. Ол аталған ғылым саласының теориясы мен практикасының дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырды және ғылыми мектебін қалыптастырды. Ғалымның жетекшілігімен 17 докторлық және 54 кандидаттық диссертация және 18 магистрлік жұмыс қорғалды.
Сақыпжамал Ұзақбаева 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Олардың қатарында монографиялар, оқу, оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми мақалалар бар.
Ғылыми-педагогикалық қызметі мен ғылымды дамытудағы еңбегі үшін С. Асқарқызы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» белгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне 70 жыл» Құрмет белгісімен, «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған. Ол Ресей халықаралық педагогика ғылымдары академиясының және Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: