Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы



    • Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл ауқымды іс-шара жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға, ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған.

      Конференция үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Бағдарлама пленарлық отырыс, секциялық отырыстар және E-S Talks форматындағы пікірталас алаңын қамтыды.

      Пленарлық отырыс барысында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері, халықаралық стипендия иегерлері, ғылым және халықаралық ынтымақтастық саласының сарапшылары сөз сөйледі.

      QyzPU Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Джумакулов Закир Даниярұлы өз баяндамасында зерттеуші болу жолы, ғылыми қызығушылықты қалыптастыру және халықаралық деңгейдегі зерттеу жобаларына қатысу тәжірибесі жайлы айтып берді.

      Глазго университетінің түлегі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, LLM, PhD-кандидат, Балпанова Назым Адлетқызы өз сөзінде шетелде білім алу жолдарына тоқталды. Ол халықаралық бағдарламаларға құжат тапсыру, академиялық және тілдік талаптар, мотивациялық хат пен сұхбатқа дайындық секілді маңызды қадамдар жайлы нақты кеңестер беріп, өзінің тәжірибесімен бөлісті.

      Химия ғылымдарының кандидаты, «Болашақ: 500 ғалым» бағдарламасының стипендиаты, QyzPU қауымдастырылған профессор м.а. Нурбекова Маржан Абдыжапаровна өз баяндамасында еліміздегі ғылымды дамытудың стратегиялық бағыттары, жас зерттеушілердің рөлі мен халықаралық ғылыми қауымдастықпен ықпалдасу мүмкіндіктеріне тоқталды.

      Сапажанов Ершат Саулетұлы өз сөзінде қалай сұранысқа ие маман болуға болатыны жайлы айтты. Ол еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу, үздіксіз білім алу, көптілділік пен цифрлық дағдылардың маңыздылығы туралы нақты мысалдар келтіріп, студенттерге болашаққа сеніммен қадам басу үшін қандай дағдыларды дамыту қажет екенін атап өтті. Оның баяндамасы жастарды өзін-өзі дамытуға, кәсіби мақсат қоюға және жауапкершілікпен әрекет етуге шабыттандырды.

      Ал QyzPU Ғылым департаментінің директоры, MA, ШЫҰУ бағдарламасының түлегі Айтенов Нурахмет Жомартович пленарлық отырыстың модераторы ретінде іс-шараны ұйымдасқан түрде жүргізіп, спикерлерге сұрақтар қойып, ғылыми пікірталасқа серпін берді.

      Жарыс қорытындысы бойынша «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенті  Аружан Азимова, «Биология» білім беру бағдарламасының студенті Айгерем Текенова, «Психология» білім беру бағдарламасының студенті Мадина Карабаева, «Тарих» білім беру бағдарламасының студенті Аяжан Имантаева, «Хореография» білім беру бағдарламасының студенті Рахимова Айдана және «Медицина» білім беру бағдарламасының студенті Карина Кожакова жеңімпаз атанды.

      Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа биіктерді бағындырып, әрдайым жарқын жеңістерге жетулеріңізге тілектеспіз!

       

      Бөлісу: