XVII Республикалық пәндік олимпиадада «Тамға» командасы жеңіске жетті
-
22 сәуір, 2025
15–16 сәуір күндері Шымкент қаласында, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Тынығу» білім беру бағдарламалар тобы арасында «Өнерпаз болсаң, арқалан» атты XVII Республикалық пәндік олимпиада өтті.
Олимпиада екі кезеңнен тұрды: бірінші кезеңде қатысушыларға ситуациялық кейстер бойынша тапсырмалар берілсе, екінші кезеңде сахналық көрініс көрсету ұсынылды.
Байқауға еліміздің алты жоғары оқу орнынан келген командалар қатысып, «Актерлік шеберлік», «Режиссура», «Сахна тілі», «Вокал», «Хореография», «Сценарий шеберлігі» пәндері бойынша өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынға салды.
Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Жұмыр қылыш», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Жас қанат» және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Шексіздік» командалары, ІІ орынды Е.А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің «Jastar Times» және М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулати жастары» командалары иеленді. Ал жүлделі І орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Хореография және арт-менеджмент кафедрасының «Мәдени-тынығу жұмысы» білім беру бағдарламасының студенттерінен құралған «Тамға» командасы жеңіп алды. Команда жетекшісі — аға оқытушы Досжанова Айнұр Жеңісбекқызы. Қоюшы-режиссерлер — аға оқытушылар Есдәулетова Маржан Мұратқызы мен Дүйсенбай Жамиля Ахмет-Алиқызы.
«Тамға» командасын және оның жетекшілерін осы айтулы жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, асқақ белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!
Бөлісу: