Қазақстанның ұлы химиктері
-
18 сәуір, 2025
Білім ордамызда «Ғылым айы – 2025» аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Химия» кафедрасы ұйымдастырған «Қазақстанның ұлы химиктері» атты ғылыми семинар өтті.
Студенттерге Қазақстанның химия ғылымына елеулі үлес қосқан көрнекті химик ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы ақпарат беру, олардың жетістіктерін таныту арқылы студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру және патриоттық тәрбие беру – семинардың басты мақсаты.
Ғылыми шара барысында еліміздің химия саласына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың өмірі мен ғылыми еңбектері жан-жақты талқыланып, ғалымдардың жүргізген зерттеулері, ашқан жаңалықтары, химия саласындағы табыстары мен еліміздің өнеркәсіптік дамуына қосқан үлестері студенттерге толық әрі түсінікті түрде жеткізілді.
Семинарда әлемдік және ұлттық ғылымға зор үлес қосқан көрнекті ғалымдар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, Д.И. Менделеев — периодтық заң мен химиялық элементтердің жүйесін негіздеген ғалым; А.А. Байков — физикалық химияны металлургия саласына енгізген көрнекті зерттеуші; Қаныш Сәтбаев — Қазақстан металлургия ғылымының негізін қалаушы; Әбікен Бектұров — бейорганикалық химия және металлургиялық реагенттерді зерттеген ғалым; А.А. Бочвар — ядролық металлургия саласындағы ірі ғылыми зерттеулердің авторы ретінде аталды.
Бұл басқосу студенттердің ғылым саласындағы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, еліміздің химия ғылымындағы жетістіктерін мақтан тұтуына мүмкіндік берді. Аталған шара жастардың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттырып, Қазақстан ғылымының одан әрі дамуына серпін беретіні анық.
Бөлісу: