QYZPU ОҚЫТУШЫЛАРЫНА ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ
-
15 сәуір, 2025
Ғылым қызметкерлері күніне орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушыларына білім саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.
Онлайн жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұстаздарға алғыс айтып, университет ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады. Марапаттарды QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай салтанатты түрде табыстады.
Министр өз сөзінде елімізде білім мен ғылымға айрықша мән беріліп отырғанын айтып, салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен ғалымдарды қолдау шараларын атап өтті.
«Мемлекетіміз білім мен ғылым саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орын алған оқушыларға мемлекеттік грант бөлу жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта халықаралық ғылыми жобалар байқауында топ жарған оқушыларға да грант қарастырылады. Бұл – жастарды ғылымға баулудың маңызды қадамы. Сонымен қатар педагогикалық ғылымды қаржыландыру мәселесі де жүйелі түрде қолға алынып отыр», – деді Ғани Бектайұлы.
QyzPU Филология институты, Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Пархат Юсуп 30 жылдан аса уақытын білім саласына арнаған.
«Жоғары оқу орнында еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асты. Білім беру саласының барлық деңгейінде қызмет еттім. Кәсіби мерекемізде еңбегімізді ескеріп отырған министрлікке алғыс айтамын. Келешекте де білім саласына қызмет етуді жалғастыра береміз, – деді Пархат Қорабайұлы.
Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Мереке Атабаева да құрметті төсбелгі иегері атанды.
«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі – көп жылдық еңбегіміздің жемісі. Жылдар бойы жасалған жұмыстың бағаланып жатқаны үшін университет басшылығына және Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасындағы әріптестеріме алғысым шексіз, – деді профессор Мереке Сатылғанқызы.
Айта кетейік, QyzPU – еліміздегі жетекші педагогикалық университеттердің бірі ретінде ұстаздардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Бөлісу: