«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Тамара Асар



    • «Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Тамара Асар

      АЛМАТЫ. 4 ақпан. Баспасөз орталығы – Тамара Асар 1976 жылғы 16 шілдеде Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген.

      Ақтау қаласындағы музыка мектебін бітірген. Кейіннен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық білім факультетін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің магистратурасы мен докторантурасын тәмамдаған. Ресей заманауи өнер институтының вокал бөлімінде дәріс алған. Сонымен қатар МГПУ-дың Психология факультетінде біліктілікті арттыру тәжірибелерінен өткен.

      Өнерпаз еңбек жолын Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы жанындағы Мұрат Өскімбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясынан бастаған. Әндерін «Отырар сазы», «Ақжауын», Абыл Тарақұлы атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көпшілікке ұсынып келеді.

      Оның бүгінгі күнге дейін «Ариайдай», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жалғыз досым», «Ренжімеші», «Сол бір қыз», «Жаным неге» атты бейнебаяндары жарық көрген. Шығармашылықта жүрген 12 жыл ішінде көптеген жанрлар мен бағыттардағы: «Отырар сазы», «Ақжауын», Абыл Тарақұлы атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтып, жұртшылықтың назарында жүр.

      Ұлттық мәдениетімізді кеңінен дәріптеуге үлес қосқаны үшін Тамара Асар Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Құрмет белгісі», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы мерекелік медальдарымен және Маңғыстау облысы әкімінің сыйлығымен марапатталған. Ол – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының, Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының иегері. Қыздар университетінің «Құрметті профессоры», Ақтау қаласының «Құрметті азаматы».

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

       

      Бөлісу: