QyzPU студенттері топтық білім сайысында жеңіске жетті
-
10 сәуір, 2025
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары арасында «Өнегелі өмірдің өрнектері» атты топтық білім сайысы өткізілді.
Іс-шара «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркі мен Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бастамасымен Ғылым декадасы – 2025 аясында, көрнекті ғалым-жазушы Немат Келімбетовтің туған күніне орай ұйымдастырылды.
Сайыс үш кезеңді қамтыды: І кезең – Ежелгі дәуір әдебиеті бойынша білім сайысы; ІІ кезең – Қазақ және түркі тілдері бойынша «Қызық екен» ойыны; ІІІ кезең – Ғалым-жазушының көркем шығармалары негізінде Kahoot платформасы арқылы өткізілген викторина.
Тартысты додада 6 команда өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің “Қазақ тілі мен әдебиеті” білім беру бағдарламасының 3 курс студенттерінен құралған “Тұмар” тобы жүлделі І орынға ие болды. Топ жетекшісі – аға оқытушы Панзабек Бағила Төребекқызы.
"Тұмар" тобын айтулы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым биік белестерді бағындырып, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Бөлісу: