«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Розалинда Шаханова
-
04 ақпан, 2021
АЛМАТЫ. 4 ақпан. Баспасөз орталығы – Розалинда Шаханова 1951 жылғы 25 тамызда Павлодар қаласында дүниеге келген.
1968 жылы Жамбыл облысының Мерке ауданындағы Трубицын атындағы мектепті бітірген. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын мектеп тәрбиешілігінен бастаған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң 1974-1978 жылдары Алматы қаласындағы №82 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1978-1983 жылдары В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) Орыс тілі кафедрасының оқытушысы, 1983-1987 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында білімін тереңдетіп, ғылым жолына бет бұрды. 1987-2004 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Орыс тілі кафедрасының оқытушысы, Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, 2004-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, 2008-2011 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Психология және педагогика факультетінің деканы, 2011-2018 жылдары аталған оқу орнының Магистратура және PhD докторантура институтының Филологиялық мамандықтар кафедрасының меңгерушісі, Филология және көптілді білім беру институтының Филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі және Практикалық тілдер кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс жасады. 2018 жылдан бастап Орыс тілі және әдебиет кафедрасының профессоры қызметінде.
Розалинда Шаханова 1990 жылы филология ғылымдарының докторы, академик Рымғали Нұрғалидың жетекшілігімен «Проблемы перевода поэзии А.С.Пушкина на казахский язык» тақырыбында кандидаттық, 2002 жылы филология ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбайдың жетекшілігімен «Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1993 жылы доцент, 2011 жылы профессор ғылыми атақтарын алды.
Р. Әшірбайқызы көптеген оқу құралдары мен ғылыми мақалалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен бірнеше ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындалды.
Еліміздің ғылыми әлеуетінің және мамандар мектебінің қалыптасуына сіңірген зор еңбегі үшін ғалым «ҚР Білім беру үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атақтарымен, «Үздік ұстаз», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы. Алтынсарин», «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы», «Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының 80 жылдығы» төсбелгілерімен марапатталған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалінің, Түрік дүниесі мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін Құрмет дипломының иегері. Розалинда Шаханова Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: