«Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік репрезентанттары
-
08 сәуір, 2025
Бүгін Ғылым айы аясында интерактивті форматта «Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік репрезентанттары туралы қонақ дәрісі өтті. Дәрісті Ұлттық құрылтай мүшесі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Анар Мұратқызы Фазылжанова жүргізді.
Бұл шара 2025 жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөйлеген сөзіндегі негізгі идея – «Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік көріністеріне бағытталды.
Кездесу барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай қауымдастырылған профессор Анар Фазылжановаға Университет атынан алғыс білдіріп, төсбелгі табыстады.
«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде келдім. Жалпы, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше өзекті мәселені көтерді. Президенттің айтуынша, бұл бастамалардың барлығы қуатты мемлекет құру үшін қажет. Қазақ халқы Тәуелсіздік алған кезде ғана мемлекет болуды үйрене бастаған жоқ. Қазақ ұлтының мемлекет құру тәжірибесі бұған дейінгі тарихи кезеңдерде де қалыптасқан. Сол дәуірлерден жеткен мемлекетшілдік санамыз тілде сақталған бірліктер арқылы бүгінгі күнге жетті. Осы бірліктердің астарына жасырылған әлеуметтік және ғылыми білімді ашып көрсету – менің мақсатым», – деді Ұлттық құрылтай мүшесі Анар Фазылжанова.
Жиында қатысушыларға «Қуатты мемлекет» концептісінің тілдік өрісін анықтау мақсатында блиц-сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері дәріс аудиториясымен бірге талқыланып, аталған концепті тілде бейнелейтін лексика-фразеологиялық бірліктердің астарында жатқан жалпы адамзаттық, ұлттық және халықтық білім жүйесіне талдау жасалды.
Сондай-ақ дәріскер Президенттің Ұлттық құрылтайда көтерген тіл мәселесіне қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының атқарып жатқан іргелі және қолданбалы зерттеулер нәтижелеріне – монографиялар, сөздіктер, анықтамалықтар мен цифрлық ресурстарға қысқаша шолу жасады. Цифрлық ресурстарды қолдану жолдары мен олардың тиімділігі де түсіндірілді.
Бұл дәріс тек тіл мамандарына ғана емес, ұлттық руханият пен тіл болашағына бейжай қарамайтын кез келген тыңдаушы үшін мәні зор танымдық шара болды.
Бөлісу: