Педагогика ғылымдарының докторы Гүлшахан Бершінбекқызы Әлімбекованың 75 жас мерейтойына орай Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті
-
08 сәуір, 2025
8 сәуір күні білім ордамызда «Әлемдік ақпараттық білім беру кеңістігі бәсекеге қабілетті ұстаздың қолында» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, физика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының академигі Гүлшахан Бершінбекқызы Әлімбекованың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
QyzPU түлегі, Халықаралық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, «Ұлағатты ұстаз», «Ы. Алтынсарин», «Отан қорғаушысының анасы» төсбелгілерінің иегері Гүлшахан Бершінбекқызы 380-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Олардың ішінде 1 монография, 3 оқулық, 6 оқу құралы, 25 әдістемелік және электрондық оқу құралы бар.
Білім берудегі жаһандық тенденциялар, тұрақты даму мен инклюзия, оқытуды цифрландырудағы әлемдік трендтер бойынша оқытудың негізгі бағыттары мен мәселелерін талқылау, сондай-ақ білім беру жүйесіндегі тәжірибе мен әдістемелермен бөлісу мақсатында өткен іс-шараға отандық және жақын шетелдердегі ғылым кеңістігінде танымал ғалымдар мен ұстаздар, білім алушылар қатысты.
Конференция екі секциядан тұрды. Бірінші секцияда тұрақты даму және инклюзия мәселелері қарастырылып, білім беру жүйесінде әлеуметтік топтарға тең мүмкіндіктер мен инклюзивті тәсілдерді енгізу жолдары, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарына сәйкес білім беру жүйесін жаңғырту қажеттілігі талқыланды. Екінші секцияда оқытуды цифрландыру мәселесі көтеріліп, цифрлық технологиялар мен жаңа ақпараттық құралдардың білім беру процесіне ықпалы, білім беру жүйесінде онлайн платформалар мен жасанды интеллекттің рөлі, сондай-ақ білім беру саласындағы цифрлық трендтер мен инновациялық әдістер туралы айтылды.
Ғалымның құрметіне ұйымдастырылған бұл конференция білім саласындағы маңызды мәселелерді көтеріп, сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады. Сонымен қатар білім беру жүйесінің болашақтағы даму бағыттарын айқындауға және оның жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізді.
Бөлісу: