«Jaña Däuir Aruy» I Республикалық студент қыздар шақырылымы
-
28 наурыз, 2025
Бүгін QyzPU-да Қазақстанның жас көшбасшы қыздары үшін бірегей алаң – «Jaña Däuir Aruy» I Республикалық студент қыздар шақырылымы өтті. Бұл шара студент қыздардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға, олардың білім, ғылым, кәсіпкерлік және инновация салаларында ілгерілеуіне ықпал етуге бағытталған.
Форумға өз саласында үздік нәтиже көрсеткен студенттік ұйымдардың көшбасшылары, қоғамдық бастамалардың белсенділері, ғылым, спорт, мәдениет және әлеуметтік жобаларда жетістікке жеткен студенттер қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға мотивация мен шабыт сыйлады.
Іс-шара аясында студент қыздардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қоғамдағы рөлін күшейту және мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Қатысушылар әртүрлі салада жетістікке жеткен қыздардың тәжірибесімен танысып, табысқа жету жолындағы нақты қадамдар туралы құнды ақпарат алады. Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан шетелде оқу мүмкіндіктері туралы айтып, студенттерге биік белестерді бағындыру жолында сәттілік тілеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
«Бүгін Республикамыздың түкпір-түкпірінен білімге ұмтылған қазақ қыздары жоғары білімнің қара шаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келіп, форумға қатысып жатыр. Мұнда жалпы «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» осы үш сессия шеңберінде қыздарымыз өздерінің ғылым мен білім саласындағы жетістіктерімен, сондай-ақ спорттағы және волонтерлік қызметтегі табыстарымен бөлісуде. Форумның алға қойған ең басты мақсаты – жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, STEM білімі, инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан қыздардың жетістіктерін көрсету. Бүгінгі таңда Қазақстанда ғылым мен жоғары білімді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жастар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Форумда осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану, шетелде білім алу жолдары да талқыланды. Бұл шара жастар үшін аса маңызды. Біз қыздардың ғылым мен білімге деген ұмтылысын әрқашан қолдаймыз!» – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Бағдарлама аясында сарапшылар мен табысты тұлғалардың мотивациялық баяндамалары ұсынылып, көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған тренингтер, ғылым, кәсіпкерлік және әлеуметтік жобалар бойынша панельдік сессиялар өтті.
«Jaña Däuir Aruy» – жас көшбасшы қыздардың болашағын айқындап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам.
Бөлісу: