QYZPU ҒАЛЫМЫНА ПӘТЕР ТАБЫСТАЛДЫ
-
20 наурыз, 2025
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – ғылым мен білім саласындағы әйелдердің жетістіктерін атап өту және жас ғалымдарға қолдау көрсету.
Салтанатты жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасымен 10 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады.
Марапатталғандардың қатарында QyzPU Жаратылыстану институты, Биология кафедрасының PhD, аға оқытушысы Рамазанова Алия Амангельдиевна да бар. Ол 2019 жылы «Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар панорамасы» білім беру ұйымдарына арналған бейне-дәрістердің республикалық конкурсында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Оқу-әдістемелік құралының авторы және авторлық куәліктің иегері. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, Scopus және Web of Science базаларында ғылыми мақала авторы.
Алия Амангельдиевнаны шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс – ғалымның қажырлы еңбегінің, ғылымға деген адалдығының және үздіксіз ізденісінің нәтижесі. Жас ғалымдардың осындай жетістіктері болашаққа деген сенімді нығайтып, білім мен ғылым саласындағы жаңа белестерге жігерлендіреді.
Алия Амангельдиевнаға ғылым жолында жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз! Университетіміздің абыройын асқақтатып, табысты жобаларды жүзеге асыра беріңіз!
Бөлісу: