Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ғылыми семинар өтті



    • Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ғылыми семинар өтті

      Бүгін Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» атты ғылыми семинар өтті.

      Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ саяси тұрақтылықтың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін жас ұрпаққа жеткізу – ғылыми семинардың мақсаты.

      Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты, қоғамдық институт ретінде қалыптасуы және функционалдық қызметі туралы айтылып, Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің мәні, мазмұны және маңыздылығы талқыланды.

      Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай қоғамдық бірлестіктердің қызметі туралы ой-пікірлер ортаға салынды.

      «Бүгінгі шараның мән-маңызы зор. Жиынға келген студенттер баяндамашылардың сөзін тыңдап, құнды ақпарат алды деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің бірлігін сақтау мақсатында құрылған. Бұл топырақтың иесі – қазақ елі. Сондықтан қазақтың төңірегіне топтасып, қазақ тілін біліп, жан-дүниесін ұғынсақ, қазақтың қайырымдылығы мен мейірімділігіне біздің қайтарымымыз сол болар еді», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы Асылы Осман.

      Ғылыми семинар Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнің маңызын тағы бір мәрте айқындап, көпұлтты қоғамда өзара түсіністік пен татулықты сақтау қажеттігін көрсетті.

       Іс-шара барысында айтылған ойлар мен ұсыныстар жастардың санасында ұлттық бірегейлік пен ортақ құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етті.

      Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған бұл жиын ел бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтау ісіне өз үлесін қосты.

       

      Бөлісу: